ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫМЕН БІРГЕ АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа ұқыпты көзқарасты қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Соның бір айғағы, үшінші мегаполистің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында күзгі ағаш көшеттерін отырғызу шарасы атқарылып отыр.

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге «Астана» шағын ауданында көшет отырғызу жұмысына қатысты. Егілген ағаштар қаланың көгалдандыру жүйесін толықтырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыра түспек.

Іс-шара барысында мегаполис басшысы мұндай игі бастамалардың маңыздылығын атап өтті:

– Ағаш отырғызу – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып қана қоймай, қоғамның бірлігін нығайтады. Әрбір тұрғын өз қаласының тазалығы мен әсем келбетіне үлес қосуы тиіс, – деді Ғабит Сыздықбеков.

Сондай-ақ, күзгі көгалдандыру маусымы аясында Шымкент қаласының орталық көшелерінде, саябақтар мен гүлзарларда, сондай-ақ аулаларда ағаш отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар қала ішіндегі жасыл инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, қазіргі қала басшылығының бастамасымен Шымкент шаһарының түкпір-түкпірінде жасыл алқапты демалыс аймақтары ашылып, бой көтеріп келеді. Оған қоса, Мемлекет басшысының бастамасымен көтеріліп, жалпы республикалық сипат алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен үндесе кеткен бүгінгі ағаш егу науқаны сол қаланы жасылдандыру ісінің жалғасы болып отыр. алдағы уақытта мұндай ағаш көшеттерін егу экологиялық шаралары жалғасады деп күтіліп отыр.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі