ЭЛЕКТРОНДЫ ЕҢБЕК ШАРТЫ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫНЫҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ
-
Шымкент қаласы, Түркістан қаласы
ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі данада жасалады және оған тараптар қол қояды. Еңбек шартының бір-бір данасы жұмыскер мен жұмыс берушіде сақталады. Қағаз жүзіндегі еңбек шарттарын электронды түрде «enbek.kz» порталына енгізу қажет.
Елімізде «Цифрлылық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыскерлердің еңбек шарттарын электронды түрде «enbek.kz» порталына тіркеу жұмыстары облысымызда 2018 жылдан бастап жүргізілуде.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданыстағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
А талған өзгерістерге сәйкес жұмыс беруші еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, Кодекстің 28-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 13) тармақшаларында көзделген мәліметтер қамтылған, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндетті.
Барлық қажетті мәліметтер еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесінде (ЕШЕБЖ) сақталатын болады.
Жүйеге, жұмыс беруші жасалған еңбек шарттарын, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды, шарт тараптарының деректемелері, лауазымы мен біліктілігі, жұмыс орны, шарт мерзімі, жұмыстың басталу және аяқталу күні туралы ақпарат енгізілуі керек.
Электрондық еңбек шарттарын енгізу жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек қатынастарының заңдылығын қамтамасыз етеді.