Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Шым-қала» тарихи-мәдени кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде ықылым заманнан бері бүгінгі күнге дейін мұра болып жеткен көне экспонаттар қатары жасақталған. Жәдігерлер тарихи кезеңіне және тақырыптық ерекшелігі мен салаларына қарай жіктеле жайласқан. Соның бірі – этнографиялық көрме залы. Мұндағы қазақ халқының ұлттық бұйымдары қойылған қатарды (көрнекі суретте) көріп, тарихи кезеңдерді ойша кезіп, оқиғаларға ой жүгіртіп, белгілі дәуірдегі еліміздің тұрмыс-салтымен танысып, тағылым алуға болады.
Этнографиялық зал төрінде осы дәстүрлі қолөнердің биік туындысы, ата-бабаларымыздың сан мыңдаған жылдардан жеткен төл баспанасы – сегіз қанатты киіз үйі өзінің жиһаздарымен көрсетілген. Киіз үйдің ішінен адалбақан, төсекағаш, кебеже, сандық, алаша, сырмақ, текемет, т.б. секілді бұйымдар орын алған.
Тоқыма бұйымдарының бірі – алаша. Арнайы аспап арқылы басқұр тәрізді жалпақ етіліп тоқылып, бірнешеуінің арасын қатарынан біріктіріп, терме алаша жасайды.
Үй жиһаздарының ішінде сырмақ – көне дәуірден келе жатқан көшпенділердің материалдық мәдениетінің озық жетістіктерінің бірі. Сырмақ ою бастырып немесе жиектері өрнектеліп сырылып жасалған түрлі-түсті төсеніш. Оны биязы жүннен басылған жұқа киіздің бетіне оюлар салып, кенеппен астарлап жасайды. Сырмақ негізінен, мал баққан қазақ, қырғыз моңғол сияқты көшпелі малшыларға тән бұйым. Оның ою-өрнегіне және көлеміне сәйкес бірнеше түрі бар. Ошақ тұсы ашық келетін, дөңгелектене жасалған көлемді сырмақ от киіз, шай сырмақ деп аталады.
Көлемі жағынан киіз үйге тұтастай төсеуге болатын төсеніш киіздің бір түрі – текемет. Текеметтің оюлы текемет, шашақты текемет, салбырама текемет сияқты түрлері бар. Текемет сырмақтан үлкен, енді болып келеді. Текемет жұқа басылған киіздің бетіне бөлек боялған түрлі-түсті киізді оюлап орналастырып, су сеуіп, шиге орап, киізше басып жасалады.
Үй тұрмысында тұтыну мен сәндік мәні зор бұйымдардың бірі – сандық. Ол киім-кешек, мата-пұл сияқты бағалы заттарды салып сақтауға арналған. Сандықтың бетін былғарымен қаптап, құйма күміспен әшекейлейді.
Сыртын түгел былғарымен қапталған сандық түрін жағлан деп атайды. Сондай-ақ, сандықтың бет жағына жұқа мыс қаңылтыр, жез қаңылтырларды шаршылап, кереге көздеп қадау арқылы әшекейлеуде кең тараған.
Кебеже – қазақ халқының қол өнері ішінде өнер туындыларына жататын бұйымдардың бірі. Бізге келіп жеткен, қазіргі кешен қорында сақтаулы кебежелердің өте әсем көркемделген, көлемдері жағынан да, сыртқы сәнділік жағынан да бірін-бірі қайталамайтын сан түрлі кебежелер бар. Кебеже – тамақ сақтауға арналған сандық сияқты ағаш бұйым. Кебеженің түбі қалың тақтайдан жасалады. Қазақ ежелден азық-түлік сақтауға кебежені пайдаланған. Көшпелі заманда сүр ет, құрт-май салып сақтауға да, түйеге теңдеп алып жүруге де ыңғайлы, кімге болса да тұрмысқа өте қажет бұйым болған.
Үйге сән беретін тұтыныс бұйымдарының бірі – ағаш төсек. Қазақ халқында төсектің негізгі үш түрі сақталған. Біріншісі – екі басы қайқылау келген сүйеніш тақтайы бар төрт сирақты түрі. Екіншісі – екі басы қайқылау келетін алты, сегіз сирақты түрі. Соңғысы – екі басы тік келген төрт сирақты кереует. Төсек бастарының қайқы болуы жатқан адамның яғы мен басы денесінен сәл биік келіп, демалғанда қан айналысы жақсы болатынын қазақтар баяғы заманда-ақ ескерген. Ол, сондай-ақ, бөліктерінің ажыратылып және құрастырылатындықтан көшкенде түйеге артуға өте қолайлы. Ағаш төсектерге салынатын қиюланған және оюланған төсек сырмақтар тұсына қойылатын адалбақан, ілінетін түскиіз, тоқылған, кестеленген төсек жапқыш, төсекаяқ, кермелері керемет жарасып, үйдің сәні мен ажарын аша түседі.
Оңтүстік өңірі тарихқа өте бай өлке екені даусыз. Сондықтан, тарихшылардың да ықылым замандардың қойнауына үңіліп, ізденістер мен зерттеулерді жалғастырып, болашақ ұрпаққа қалдырар мұралары әлі де көп. Алдағы уақыттарда кешен экспонаттары толыға түсетініне кәміл сенеміз. Ендеше, алда әлі де талай шаралармен, болашақ ұрпаққа берер, көрсетер құндылықтары жетерлік кешеннің айтар сыры әлі де көп демекпіз.
Азия Бекпейісова
«Шым-қала» тарихи-мәдени кешені» КММ қорларды ғылыми зерттеушілік қамтамасыз ету бөлімінің ғылыми қызметкері