ЭТНОМЕДИАЦИЯ – ТОЛЕРАНТТЫҚ НЕГІЗІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысының Кентау қаласында толеранттық бойынша келелі жиын өтті. Оған шаһар жұртшылығы, құқық қорғау органдары өкілдері, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысты. Кентау қаласындағы қоғамдық-саяси және этносаралық ахуалға байланысты өткен басқосуда ел арасындағы тұрақтылықты сақтай отырып, шиеленіске жол бермеу мәселелерін талқылады.
Қарнақ ауылында өткен басқосуда:
– Халық арасында түрлі шиеленіске алып келетін құқық бұзушылық әрекеттерді болдырмау мақсатында тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Қазақстандағы Ақсақалдар институты, жастар көшбасшыларымен және қоғамда беделі жоғары, танымал азаматтармен еркін форматтағы кездесулерін өткізуді қолға алған жөн. Мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлері, қоғам белсенділері мен медиаторлардың қатысуымен этносаралық қатынастарды жақсарту, этномедиация тетіктерін тиімді жүзеге асыруға бағытталған оқыту семинарларын өткізуіміз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
ОБлыс әкімінің орынбасары сондай-ақ аралас мектептерде мемлекеттік тілде білім беретін сыныптарды көбейту, мектепте тәрбие беру мен толеранттылық сананы қалыптастыру мәселелеріне назар аудару қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары береке-бірлікті сақтау, ел ішінде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік саясатты түсіндіру бағытында ой қозғап, медиациялық орта қалыптастыру үшін арнайы ақсақалдарға орын-жай белгілеп беруін өтінді. Ұсыныстар бақылауға алынды.
Естеріңізге сала кетсек, діни танымдағы толеранттылық құндылықтарға мыналар жатады:
- Әр түрлі діндер мен өзге мәдениетті құрметтеу;
- Жақыныңа оның діни сеніміне қарамастан көмек қолын созу;
- Диалог құру арқылы түсіністікке ашық болу;
- Ар-ождан мен діни сенушілердің құқықтарын қолдау және қорғау.