«ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ: ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘСІЛ ЖӘНЕ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

«Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Түркістан облысында көп этнос өкілдері тұрады. Өңірде этносаралық қатынастар саласы бойынша үлкен тәжірибе жинақталған. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы қоғамның татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете аламыз».

Бұл  Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық» тақырыбында өткен семинарда Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова жасаған баяндамадан үзінді.  Шешен өз сөзінде толеранттылық тақырыбында мұнан өзге де бірқатар тың ақпараттар берді.

Жалпы  Түркістан облысында осы күнге дейін этнос өкілдерінің қатысуымен болған құқық бұзушылық фактілері орын алған жағдайда құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізу алгоритмі түзіліп, бекітілген. Этнос өкілдерінің қатысуымен қандайда бір келеңсіз оқиға орын алған кезде жауапты мемлекеттік және құқық қорғау органдары соның негізінде әрекет етеді.

Семинар барысында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева өңірде этносаралық татулықты нығайту бағытында жұмыстар жүйелі жалғасатынын айтып, өзекті сұрақтарға тұшымды жауап берді.

Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бірлікке үндеген шара аясында өңірдегі этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар Ассамблея құрылымдарының өкілдері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Дереккөз:Түркістан облыы әкімінің баспасөз қызметі