ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ САҚТАУДА АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ МАҢЫЗЫ ҮЛКЕН

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Ассамблеяның басым бағыттарының бірі – қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру, үйлестіру, оған этнос өкілдерін тарту. Бұл ретте, облыс халқы қашанда ауызбіршілігімен танылып келеді. Өңір тұрғындары Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы топан су басу кезінде бір-бірінен көмегін аямады. Төтенше жағдай тұсында қиналған халыққа қолдан келгенше көмек берді. Өткен жылы облыстық Ассамблея жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер мүшелері 870 мұқтаж отбасыға 156 миллион теңге, «Мектепке жол» акциясы аясында 882 балаға 25 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті. Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Үлес» қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға 2010 жылдан бері 40 үй салып берді. Сондай-ақ биыл наурыз айында мақтааралдық жомарт жан, жеке кәсіпкер Абдухашим Боев көмекке мұқтаж екі отбасыны қуантып, оларға екі баспана сыйлады.

Биылғы көктемде еліміздің бірқатар өңірлерінде болған су тасқыны кезінде де облыстағы Ассамблея мүшелері көмек қолын созып, белсене атсалысты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған республикалық «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысындағы этномәдени бірлестіктері мен Ассамблея құрылымдары су басқан өңірлерге 150 миллион теңгеге 630 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді.

Этносаралық татулықты сақтауда ақпараттық-насихаттық жұмыстардың маңызы үлкен. Бұл орайда, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының тапсырмасымен арнайы топ құрылып, ауыл-аймақты аралап, кездесулер өткізуде. Топ құрамында этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, құқық қорғау саласы мен әкімдіктердің жауапты өкілдері, жергілікті жерлердегі беделді азаматтар, белсенді жастар бар.