ЭТНОСАРАЛЫҚ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ МАҚСАТЫНДА 61 КЕЗДЕСУ ӨТТІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Бірлікті нығайту бағытында Түркістан өңірінде түрлі тақырыптарда семинарлар ұйымдастырылып келеді. Атап айтсақ, өткен жылы «Этносаралық шиеленістердің шығу себептері және оның алдын алу» семинары ұйымдастырылды. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» және этносаралық қатынастарды зерттеуші ғалымдардың методикалық кеңестері тыңдалды. Аталған институт директорының орынбасары Айгүл Садуақасова Сарыағаш және Сайрам аудандарында «Мемлекеттік этносаясатты іске асыру және этникалық салада қолданыстағы заңнаманы сақтау мәселелері» тақырыбында семинар өткізіп, тәжірибесін бөлісті. Ал биыл жыл басынан бері «Этносаяси сауаттылық және этномедиация негіздері» тақырыбында үшкүндік семинар және «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі облыстық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, тұрақты түрде этникалық топтар жинақы тұратын аудандардағы этнос өкілдері арасындағы туындауы мүмкін шиеленістерді анықтау бойынша жұмыстар жүргізеді. Осы мақсатта облыстың этнокартасы мен шиеленіс картасы жасақталып, жылына 2 рет жаңартылып отырады. Этносаралық толеранттылықты нығайту мақсатында өткен жылы өңірде 348 ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, биыл жыл басынан бері 61 кездесу өткізілді.
Бүгінде этнос өкілдері үшін «Қазақтану» жобасы аясында мемлекеттік тілді меңгеруге, халқымыздың салт-дәстүрін терең тануға жан-жақты қолдау жасалуда. Осы орайда, биыл «Анамның әлдиі, әжемнің ертегісі» облыстық байқауы өткізілді. «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасына облыстан қатысқан жас таланттар жеңіс биігінен көрінуде. Саурандық Дильноза Тоджимет «Өнерлі өрге жүзер» байқауында жеңімпаз атанса, түркістандық Шахсанам Рустамова «Жарқыра, жас дарын!» байқауында топ жарды.