ЭТНОСТАР АРАСЫНДАҒЫ 156 ЖАҒДАЙ МЕДИАЦИЯ ТӘРТІБІМЕН ОҢ ШЕШІЛДІ

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында түрлі деңгейдегі 204 Аналар кеңесі жұмыс атқаруда. Аналар кеңесінің 1200-ден аса мүшесі бар. Бұл ретте, өткен жылы Аналар кеңесінің 170 отырысы өтті. Биыл “Әйел – әлемнің шуағы”, «Тұғырлы отбасы – бақытты балалық шақтың бастауы» тақырыптарында келелі жиындар ұйымдастырылды. Аналар кеңесі дәстүрлі «Мектепке жол», «Ақ орамал» акцияларына да белсене атсалысуда.

Сонымен қатар «Қоғамдық келісім» мекемесінде баспасөз орталығы ашылған. Мекеменің әлеуметтік желілердегі «Түркістан облысы Қоғамдық келісім» ресми парақшасы белсенді жұмыс істейді. Мекеменің аудандық, қалалық филиалдарының әлеуметтік желілердегі арнайы парақшалары оқырмандармен тиімді байланыс орнатқан. Жалпы өткен жылы әлеуметтік желілер мен сайттарға қазақ және орыс тілдерінде жалпы – 4700-ден аса материал жарияланды.

Еліміздегі медиаторлардың қызметін үйлестіру міндеті соңғы жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелгені белгілі. Бұл ретте Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Медиация кеңесі құрамында 56 кәсіби және қоғамдық медиатор жұмыс істеуде. Өткен жылы Медиация кеңесінің 46 отырысы өтті. Медиаторлардың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы өңірде этнос өкілдерінің қатысуымен 192 оқиға орын алса, соның 156-ы  медиация жолымен оң шешілген. Ал биыл жыл басынан 34 оқиға тіркеліп, соның 23-і медиация тәртібімен оң бағытта шешімін тапты. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея сессиясында Түркістан облысының этномедиацияға қатысты жұмыстарын оң бағалап, оның ауқымын кеңейтіп, бұл тәжірибені Ассамблеяның барлық ұйымдарына тарату қажеттігін айтты.

Сондай-ақ ғылыми-сарапшылық топ мүшелерінің қатысуымен өткен жылы 4 және биылғы І тоқсанда 1 отырыс ұйымдастырылды.