ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ КИБЕРАЛАЯҚТЫҚҚА ЖӘНЕ ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА ҚАРСЫ ҚОРҒАНЫ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА?

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Бүгінгі таңдағыдай ақпараттық цифрлық технологиялар дамып тұрған заманда қылмыскерлер өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағыдай көшеде емес, телефон мен компьютер экранының ар жағында әрекетін жайғап жатыр. Көз ілеспес ақпарат алмасудың жылдамдығы мен интернет мүмкіндігінің шексіздігі – азаматтардың өмірін жеңілдеткенімен, алаяқтар үшін де қолайлы алаңға айналды. Дәл осындай қалыптасқан жағдайда ең мықты қорған – қырағылық пен құқықтық сауаттылық дейтін қасиеттер болып тұр. Ал, қырағылық сыр берсе, көмекке кәсіби мамандар келеді. Деп сенеміз.

Ішкі істер министрілігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті күн сайын еліміздің азаматтарының цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр дей аламыз ба? Нық сеніммен айтуға себеп бар секілді. Мысалы, биылғы 2025 жылдың алғашқы алты айында аталған департамент қызметкерлерінің әрекеттерінің арқасында елімізде жалған ұялы байланыс нөмірлерінен жасалған 67 миллионға жуық қоңырау бұғатталған. Сонымен қатар, 74 sim-box құрылғысы және 88 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карта тәркіленіпті. Бұл – үлкен көрсеткіш қана емес, ерен еңбектің нәтижесі дейді мамандар.

Интернет желісіндегі алаяқтар түрлі айлаға барады екен. Атап айтар болсақ, банктің қызметкері болып танысады, коммуналдық мекеме атынан хабарласады, тіпті мемлекеттік орган өкілінің танынан, не қызметкері ретінде сенімді сөйлейді. Мысалы, Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындары коммуналдық қызметтердің есептегішін тексеру сылтауымен код беріп қойған соң, банк алдындағы шоттарына қол сұғылмақ болғанын айтып отыр.

– Қаладағы энергия компаниясынанбыз деп хабарласты. Есептегішті тексереміз, сізге төрт таңбалы код келеді деді. Кодты жіберген соң, өзін Ұлттық банктен деп таныстырғандар хабарласты. Абырой болғанда, полиция дер кезінде әрекет етіп, бәрін бұғаттады, – дейді Ақмола облысының тұрғыны.

Ал, тағы бір Қарағанды облысының тұрғыны болса:

– Маған шетелдік нөмірден қоңырау шалып, келген кодты айтуымды сұрады. Айттым. Кейін бір әйел хабарласып, бұл – алаяқтар, сізге маман көмектеседі деді. Видеоқоңыраумен байланысқан ер адам куәлігін көрсетіп, ешкімге айтпауды сұрады. Бірден полицияға жүгіндім, – деп шағымын жеткізген.

Дәл осындай жағдайлардың алдын алу «Қазақтелеком» АҚ, ұялы байланыс операторлары және банк секторымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде мүмкін болып отыр. «Антифрод орталығының» қызметі арқылы 2,6 млрд теңгеден астам қаражат азаматтарымыздың шотынан алаяқтардың қолына түспей қалған.

Мұндай оқиғалардан Шымкент қаласының тұрғындары да шет қалып жатқан жоқ. Үшінші мегаполистің құқық қорғау органдарының да бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Құқықтық сананы арттыру бағытында мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында киберқауіпсіздік бойынша сабақтар, интерактивті тренингтер мен ашық кездесулер өткізіліп келеді. Қалалық полиция департаменті мен әкімдік бірлесіп, халық арасында «Алаяққа алданба!»«Сенім кодын ешкімге берме!» атты түсіндіру акцияларын ұйымдастырып жатыр.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын жалған ақпарат пен манипулятивті контентке қарсы да жұмыс күшейтіліп отыр Ақпараттық қауіпсіздік мамандары азаматтарға әр хабарламаның дереккөзін тексеруді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, жеке деректерін ешкімге бермеуді ескертіп келеді. Бұл – тек техникалық қауіпсіздік емес, сананы арбауға қарсы иммунитет қалыптастыру ісі.

Шымкенттегі қоғамдық ұйымдар мен жастар қозғалыстары да бұл бағытқа үлес қосып отыр. Мысалы, волонтерлік топтар базарларда, сауда орталықтарында, аялдамаларда адамдарға жалған хабарламалардың мысалдарын көрсетіп, оларды ажырату жолдарын түсіндіре бастады.

Қазіргі таңда интернет алаяқтықтың құрбанына айналатын тәуекел аймағында зейнеткерлерден бастап, студенттер, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерге дейін бар. Киберқауіпсіздік – тек Ішкі істер министрлігінің, не өзге де құқық қорғау органдарының, арнайы құрылымдардың ғана міндеті емес, бұл – әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Мұны түсіну керек.

– Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз – цифрлық қауіпсіздік сіздің қырағылығыңыздан басталады, -дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері

Шымкент қаласы мен бүкіл республика аумағында жүргізіліп жатқан кешенді шаралар – алаяқтықтың жолын кесуге ғана емес, құқықтық мәдениеті жоғары, ақпараттық тұрғыдан сауатты қоғам құруға бағытталып отыр. Сондықтан, өз-өзіңізге сақ болып, қолға алынған шараларға қолдау білдіру – әр азаматтың міндеті болғалы тұр.