«ҚАЗАҚТАНУ» – ДОСТЫҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарының біріктіруші әлеуетін өзге ұлттар мен этностарға таныту мақсатында қолға алынған «Қазақтану» мәдени ағарту жобасы аясында Шымкент қаласында  бірнеше тәлімді шара ұйымдастырылды.  Ең алдымен, «Достық үйінде» «Жаңғыру – жыр арқауы» шығармашылық сайысы ұйымдастырылды. Оған мегаполистегі өзге этнос өкілдерінің жастары қатысып, қазақ тілінде көркемсөз,  қазақ ақындарының өлеңдері мен поэмаларынан үзінді оқыды.

Қазылар алқасы жоба қатысушыларының дайындығын, қазақ тіліндегі сөз саптауын, әдеби тілді меңгеруін, көркемсөз оқу шеберлігін, шығармашылық таным-білігін бағалап, үздік шыққандарын анықтады. Нәтижесінде, «Жаңғыру – жыр арқауы» шығармашылық сайысының жеңімпаздары:

І-дәрежелі дипломмен – Mohd Farhad Aoub,

ІІ-дәрежелі дипломмен – Рахметова Рухшона,

ІІІ-дәрежелі дипломмен – Махаматкулова Дилмира  марапатталды.

Сондай-ақ, жоба аясында «Достық үйінде» бие байлап, қымыз дайындауды кәсіп еткен өзге ұлт өкілдері де сайысқа шықты.

Қымыз – исі  қазақ  қатты қадірлеп, мейірі  қана  ішетін  ұлттық  сусынның  бірі. Бабадан балаға  жалғасып келе  жатқан  атакәсіпті   сарқыттай  сақтаған   еліміздің оңтүстігінде   қазір  қымыздың  30-дан  астам  түрін  ұқсатып, баптайды. Сақтайтын  мерзіміне  қарай саумал, құнан, дөнен  және  бесті  қымыз  деп  бөлінетін  сусынның  аса  бағалысы – хан қымызы. Бие  байлайтын  үй  қымыздың  мұндай  түрін   ең  сыйлы, құтты  қонағына  құрметпен  ұсынады.  Сайыс барысында қымызды дайындау, баптау әдісін көрсетіп, қымыз түрлері жөнінде кең мағлұмат берген азаматтар жоба жеңімпаздары болып танылды.

«Қазақтану» мәдени ағарту жобасының тағы бір бағыты ұлттық киімдерді насихаттау.  Осы мақсатта «Достық үйінде» сән өнерін арқау еткен «Этно fashion» дефиле байқауы да ұйымдастырылды.  Оған да этностық топ өкілдерінің қыз-келіншектері қатысып, қазақы нақышпен тігілген киім үлгілерін көпшілікке таныстырды. Сондай-ақ, қазақ ұлтының өнері мен мұрасы, дәстүрлі дүиетанымы дәріптелді. Этноқұндылық санатындағы бұл киім үлгілері       қыз-келіншектеріміздің иманжүзділігін, инабатын, қорғанын, талғамын, дәрежесін, дәрежесін айшықтады.

Сән өнерін тамашалаған қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын төмендегіше бөліп, сый-сияпатын табыстады:

Ергешбаева Дильбар – І-дәрежелі дипломмен;

Филипчук Анастасия – ІІ-дәрежелі дипломмен;

Бабаева Багуль – ІІІ-дәрежелі дипломмен марапатталып, үздіктер қатарынан көрінді.