ҚАЙНАРБҰЛАҚТА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында халық саны жылдам өсіп келе жатқан шаһардың шеткері, шалғай аймақтарының инфрақұрылым жүйелерін жетілдіруге ерекше мән беріліп келеді. Өйткені бұл тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін өзекті мәселе. Осындай аймақтардың бірі «Қайнарбұлақ» шағын ауданы. Қазір аталмыш ауданды инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның дені биыл жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне берілетін болады.
Кейбір құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ. «Қайнарбұлақ» шағын ауданында бүгінгі таңда 60 мың 750-ге жуық тұрғын тірішілік етуде. Оларды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қазынадан бөлінген қаржыға ұзындығы 329,8 шақырым болатын ауыз су құбыры тартылмақ. Мердігер компания бүгінге дейін оның 50 шақырым жеріне құбыр тартып үлгерді. Жоспарлы жұмыс келер жылы толық аяқталады.
Қайнарбұлақтықтардың көгілдір отынның игілігін көретін күні де алыс емес. Табиғи газбен қамту жұмыстары екі сектор бойынша жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, «Жаңа құрылыс» тұрғын алабына да ұзындығы 233,4 шақырым болатын газ жүйелері тартылуда. Ал, «Саяжай» тұрғын алабындағы газ жүйелерінің ұзындығы 206,7 шақырымды құрайды. Екі сектордағы құрылыс жұмыстарды да келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Қайнарбұлаққа» жаңадан электр жүйесі де тартылып жатыр. Бұл жұмыстар келер жылдың үшінші тоқсанында толығымен аяқталмақ. Электр жүйелерінің жалпы ұзындығы 68,6 шақырым. Осы кезге дейін межеленген жұмыстың 40 пайызы орындалды. Жалпы, бұған дейінгі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылы Центральная көшесі, биыл Степная, Бөлешов, №125 мектеп көшелері жарықтандырылды. Енді келер жылы Дружба, Фабричная, Металлург, Заводская, Құрасбеков, Шанин, Жаңақұрылыс көшелері жарық тартылатын болады.