ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЛУ ҮШІН КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ БАСТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында кәсіп ашып, нәсібімді содан табамын деген азаматтардың бизнес жобаларын сарапту ісі басталды.  Жаңа бизнес-идеяларды іске асыратын үміткерлер биылғы жылдың 12-23 қыркүйек аралығында арнайы комиссия құрамының алдында өз жобаларын қорғап шығуы тиіс. Егер олардың ұсынған жобалары комиссияның мақұлдауынан өтсе  400 айылық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант қаржыға ие болады.  

Елімізде кәсіпкерлік бағытты қолдауға үлкен көңіл бөлінуде. Шағын және орта бизнесті ілгерілетуде Үкімет бекіткен бағдарламаның шарапаты мол. Бұл ретте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бағыты айқын. Комиссия мүшелері жобаны бағалауда бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларын меңгеру деңгейіне, бизнес-жобаның қаржылық мүмкіншілігіне, жаңа жұмыс орындарын құру сынды критерийлерге басымдық берді. Комиссияның алғашқы күнгі отырысына 134 азамат келді. Олар кәсіпкерліктің түрлі бағыттары бойынша бизнес-жобаларын таныстырды.

– Бұл арнайы құрылған комиссияның үшінші отырысы. Екінші кезеңде «Еңбек. кз» порталы арқылы кәсіпкерлікпен айналысамын деген 618 азаматтан өтініш қабылданды. Олардың бәрі жан-жақты сараланып, тиімділігі зерделенді. Байқаудың бұл кезеңінен 173адам ғана өтті. Бүгінгі таңға олардың 134-нен өтініш келді,-дейді  Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Бекболат Алиханов.

Ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттың мөлшері – 400 айылық есептік көрсеткіш. Бұл  1 миллион 225 мың  200 теңгені  құрайды. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, техникаларды сатып алуға кететін  шығындарға пайдалынылады. Ал, жалпы жыл соңына дейін Шымкент қаласы бойынша 1 мың 150 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланған.