ҚАЛАЛЫҚ МАРАФОН ӨТЕДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Биылғы 11 қыркүйек күні Шымкент қаласының басты спорттық шарасы саналатын «SHYMKENT MARATHON» жарысы өтеді. Shymkent Marathon – салауатты өмір салтын ұстанушылар мен желаяқтардың жыл сайынғы мерекесі.  Оны Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Kasiet» және «Royal Club» фитнес-клубтар желісі, сондай-ақ техника және электроника гипермаркеттер желісі – «Evrika» компаниясы ұйымдастырып отыр. Марафонға дайындық барысында жарысты  ұйымдастырушылар биыл алғаш рет қаланың орталық көшелерімен өтетін жүгіру трассасының жай-күйін  сертификатталған сарапшылар бағалап шықты.

– Жыл сайын тас жолда жүгіру сияқты спорт түрін қолдаушылар және оған белсенді қатысатын азаматтар қатары  көбейіп келеді. Жүгіру жарысы бас аяғы бес жылдың ішінде шағын камералық жарыстардан бастап, қаланың қақ ортасындағы ауқымды іс-шараға дейін, яғни қалалық марафон деңгейіне дейін жетті. Биыл марафонға қатысуға ниет білдірушілер саны  айтарлықтай өсті. 2021 жылы марафонға 3 мың адам қатысқан  болса,  биыл олардың қатары  5 мыңға дейін өседі деп жобалап отырмыз.  Мұндай өсімге бүкіл оңтүстік өңір тұрғындары арасында марафонды кеңінен насихаттау, сондай-ақ жарысқа скандинавиялық жүріс сияқты түрін  енгізу арқылы қол жеткізілді,-дейді ұйымдастырушылар.

Марафонға қатысушылар 6 қашықтық бойынша өөздерінің спорттық бабын таныта алады. Желаяқтар  5, 10, 21 және 42 шақырымға жүгіреді. Және  21 шақырымға Экиден және 5 шақырым қашықтыққа Скандинавиялық жүріс бойынша сайсады.

Қатысушылардың әр түрлі қашықтықтардағы нәтижелерін кәсіби судьялар қадағалайтын болады.  Марафонды өткізу уақыты: 07:00-ден 11:00-ге дейін. Жарыстың   старты мен мәресі  Әл-Фараби алаңында,  «Shymkent Plaza» сауда үйінің  алдында өтеді.

Ұйымдастырушылар марафон өтетін орынға Асанбай Асқаров көшесі мен Бауыржан Момышұлы даңғылының бойында, сондай-ақ «Shymkent Plaza» СОО автотұрағына көлікті қоюға болатынын хабарлайды.

Стартқа жақын аялдама – Айгүл аялдамасы (Жангелдин көшесі).  Оған № 23, 84, 92, 158  қоғамдық көліктермен жетуге болады.