ҚАЛА ҚАЗЫНАСЫНА 341 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ САЛЫҚ ТҮСТІ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында биылғы жылдың 10 айында шаһар қазынасына 341,5 миллиард теңге салық түсіп, жоспар 109 пайызға асыра орындалды. Немесе, түсімдердің өсу қарқыны 155 пайызға артты. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингі барысында Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов айтты.
– Жалпы салықтық түсімдердің жоспары 106%-ға, немесе 25,8 миллиард теңгеге артығымен қамтамасыз етілді. Ал кедендік салықтар мен төлемдер 102%-ға орындалды. Салықтық және кедендік әкімшіліктендіру жұмыстарының нәтижесінде бюджетке 29,4 миллиард теңге қосымша резервтер өндірілді. Республикалық бюджет – 21,0 миллиард теңге, жергілікті бюджет – 8,4 миллиард теңге, – деді спикер.
Мемлекеттік кірістер департаменті ағымдағы жылдың 10 айында барлық салық түрлері бойынша салықты дер кезінде төлемеген 20 мың 837 азаматқа хабарлама жолдаған. Олардың берешегі 563, 6 миллиард теңге. Бүгінгі таңда бұл топтағы салық төлеушілерге жіберілген 4 мың 624 хабарлама орындалып, 2,1 миллиард теңге өндірілді. Одан бөлек, бұзушылық сомасы 353,3 миллиард теңге болатын 12 мың 213 хабарлама орындалып, нәтижесінде 21 миллиард теңге қазынаға құйылды. Оның ішінде: 13,1 миллиард теңге нақты ақшамен, 8 миллиард теңге артық төлем арқылы өндірілген. Қазіргі уақытта берешегі 194,3 миллиард теңге болатын 7 мың 650 хабарламаның орындау мерзімі аяқталған. Яғни салық төлеушілерге өз бетінше заңбұзушылықтарды жою жұмыстары жүргізілмеген.
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығы бойынша салық міндеттемелерін орындалуына жүргізілген түгендеу-талдау жұмыстарының нәтижесінде 9 мың 750 нысанның салық төлеуге тартылмағыны анықталған. Департамент тарапынан барлық нысандар бойынша, салық міндеттемелерін орындау туралы хабарламалар жіберіліп отыр. Бүгінгі таңда 8 мың 385 нысан салықтық декларацияларының есеп қисабы өткізіп, бюджетке 763,1 миллион теңге өндірілді. Мұнан бөлек салық міндеттемесін толық орындамаған немесе мүлік салығын нарықтық құннан төмен етіп төлейтін салық төлеушілермен жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда қалада коммерциялық мақсаттағы 25 мың 63 жер учаскесі тіркелген. Олардың ішінен салық міндеттемелерін толық орындамаған 21 мың 695 салық төлеушіге хабарлама жіберіліп, бюджетке 341 миллион теңге кіріс түсті.