ҚАЛА ӘКІМІ БІРҚАТАР ШАҒЫНАУДАНДАРҒА БАРДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов елді мекендерді кәріз жүйесімен қамту барысын тексеру мақсатында «Тассай», «Ұлағат», «Мирас»  шағынаудандарына барды. Шалғай елдімекендердің инфрақұрылым мәселесін бақылаған шаһар басшысы жауаптыларға жұмыстарды сапалы жүргізуді, әрі уақытында ел игілігіне тапсыруды жүктеді.

Қала әкімі алдымен Ұлағат шағын ауданына барды. Қазір шағын ауданға кәріз жүйесін тарту мақсатында құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Ұзындығы 40,9 шақырым болатын жүйе 2 мың 248 абонентке лайықталған.  Бүгінде 18,3 шақырымға кәріз жүйесі жүргізіліп, жұмыстың 40 пайызы орындалған.  Өткен жылы құрылысы басталған нысанды пайдалануға беру мерзімі 2022 жылдың қарашасына жоспарланып отыр. Құрылысты «Алемстрой-1» мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Сонымен қатар, шағынаудан ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтылған. Аумақтағы жалпы 53 көшенің 31-і асфальтталған. 2022-2025 жылдар аралығанда 11 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.

Ал, Мирас шағынауданында 980 үй қоныстанған. Шағын аудан электр жарығы, ауыз су және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған. Қазіргі сәтте кәріз жүйесін тарту құрылысы жүргізілуде. Жобаға сәйкес, ұзындығы 50,4 шақырым кәріз жүйесі салынып, ары қарай «Шапағат-2» шағын ауданына ұзартылады. Бүгінде құрылыстың 38 пайызы орындалған. Қолданысқа беру мерзімі осы жылдың қарашасына жоспарланып отыр.

Айтып өтейік, биыл шағынаудандарға кәріз жүйесін жеткізу үшін 14 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Оның 2-і магистралды кәріз коллекторы, біреуі кәріз сорғы станция және 11 нысан елді мекендердің ішкі орамдық жүйесі. Жыл соңына дейін 6 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі. Осылайша, 65 мың адам кәріз жүйесіне қосылады. Нәтижесінде кәрізбен қамтылу көрсеткіші 54%-дан, 60%-ға өседі.