ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН ҚҰРМЕТ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы түрлі әлеуметтік топтағы азаматтарға арналған  орталықтар қамқорлыққа мұқтаж жандардың денсаулығын тіктеп, олардың еңбекке араласуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік берді.  Мегеполисте мүгедек балалар үшін «Аялы алақан»,  жалғызілікті қарттарға арналған «Тең қоғам», зейнеткерлер бас қосатын «Белсенді өмір сүру» секілді 14 орталық жұмыс істейді.

Әмина «Тең қоғам» орталығына  келіп, тоқуды үйренді. Көз майын тауысып жасаған  алғашқы бұйымын анасына тарту етіпті. Өзгелері орталықтың көрмесінде тұр. 34 жастағы келіншек екінші топ мүгедегі. Мекеме Әмина секілді мүгедектігі бар азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіп келеді. Мұнда азаматтардың бейіміне қарай тоқыма тоқу,  кесте тігу,  тігу, табиғи материалдармен жұмыс, ермексазбен бейнелер жасау, сурет салу, ән айтуды үйренеді. Сондай-ақ ақпараттық – консультация беріледі және  жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және құқықтық-психологиялық қызметтер көрсетіледі. Орталық қызметін пайдаланып келе жатқан Әмина Пайызова:   

         – «Тең қоғамға» күнде келіп тұрамыз бос уақытымызда. Шкатулка, сумка тоқыдым, шұлық тоқимын. Тоқу менің бала күнгі арманым,-дейді.

         Ал, Акбар қарияның зейнеткерлікке шықанына 5-6 жыл болды. Бұрынғыдай жиі араласатын ортасы болмағандықтан күнделікті «Белсенді өмір сүру» орталығына келеді. Мұнда оларға 30-дан астам қызмет түрі көрсетіледі.  Бүгінде Шымкент қаласында 85 мыңға жуық зейнеткер бар.

         – Теннис, бильярд ойнаймыз. Иогасы бар. Ән айтатындар ән айтады. Билейді. Бір жағынан үйде отырғаннан гөрі өзің қатарлы құрдастармен кездесіп, сөйлесесің,-дейді ол.

          Шымкенттегі әлеуметтік орталықтар жұмысы бүгінде өзгелерге  үлгі боп отыр. Бүгінге дейін шаһарға еліміздің 8 өңірінің әлеуметтік сала мамандары келіп, тың тәжірибені үйреніп қайтты. Атырау облысынан арнайы келген топтың жетекшісі, Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Құралай Тілеумағанбетова шымкенттіктердің іс-тәжірибесі негізінде өз өңірлерінде де осындай орталықтар жасақтау жоспарланып жатқанын айтты.

Отбасыларға әлеуметтік қолдау  көрсететін тағы бір бірегей мекеме – «Бақытты жанұя» орталығы деп аталады. Мұнда қиын жағдайға тап болған жанұларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық сауаттылық секілді 20-дан астам көмек түрі көрсетіледі.  Биыл мекеменің көмегімен 600-ден аса ана қысқа мерзімді тегін оқу курстарында білім алған.