ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ПАРКІ ЖАҢА АВТОБУСТАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Қоғамдық көлік мәселесі ірі мегаполистер  үшін қашанда өзекті. Техникалық паркті ұдайы жаңартып отыру басты талап. Осыған орай, Шымкент қаласындағы  әлеуметтік мәні бар № 55 және № 149 бағыттар жаңа 6 автобуспен толықты. Бүгіннен бастап аталмыш бағыттағы жаңа қоғамдық көліктер тұрғындарды тасымалдауға кірісіп кетті. Айта кететін жайт, «YUTONG»  автобустарын тасымалдаушы компания өз қаражатына сатып алған.

Үмбет Қараманов су жаңа автобусты оталдырып бағытқа шығаруға қамданып жатыр. Қоғамдық көлік жүргізушісі «MAN Оңтүстік» ЖШС-де  жиырма жылдан астам уақттан бері  еңбек етіп келеді. Осыдан 3,5 жыл бұрын ашылған «Ынтымақ 2» мөлтек ауданына қатынайтын жалғыз №55 бағытқа  алғашқы болып өзі көш бастап шықпақ. Бүгінде бағытқа 2 жаңа автобус қосылып, жалпы саны 8-ге жеткен. Соның арқасында көлік интервалы 5-6 минутқа қысқарған,- дейді жүргізуші.

Сонымен қатар, Қайнарбұлақ тұрғын алабына  қатынайтын №149 бағытқа да 4 бірлік автобус қосылып, аймаққа жалпы 10 автобус жүретін болады.  Бағыттардың ара қашықтығы  27 минуттан 15 минутқа қысқарған. Қала тұрғындарына бұл жағымды жаңалық болып отыр. Себебі бұған дейін түскі уақытта және кептеліс кезінде халық автобусты сағаттап күтуге мәжбүр болатын.

«YUTONG» автобусының бағасы 46 миллион 200 мың теңге. Және оларды тасымалдаушы компания Саран  қаласындағы отандық «QazTehna» ЖШС-нен өз қаражатына сатып алған. Өнідіріс орны өздері құрастырған қоғамдық көліктерге 1,5 жыл кепілдік беріп отыр.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Шымкент қаласында 78 тұрақты  бағыт қызмет көрсетеді, күнделікте  қала көшелеріне 843 автобус шығады (жалпы автобустардың саны резервпен қоса 1000 автобусты құрайды). Жекеменшік нысанындағы 10 компания жолаушылар тасымалдау қызметімен айналысады.