ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ КЕЗІНДЕ 149 ҰСЫНЫС АЙТЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының жаңадан әзірленіп жатқан  бас жоспарына байланысты  қоғамдық тыңдау аяқталды.  Құжат шаһардың 2035 жылға дейінгі дамуын қамтиды.  Бірнеше рет өткізілген талқылау  кезінде шаһардың даму келешегі айқындалған құжатқа өзгерістер енгізу туралы 150-ге  тарта ұсыныс айтылды. 

Бір айға созылған қоғамдық тыңдауға 2 мыңнан астам  адам қатысты. Олардың ішінде мәслихат депутаттары, саяси партия мүшелері, үкіметтік емес ұйым өкілдері бар.  Олардың тарапынан бас жоспарға қатысты:

Аумақтық сәулеттік жоспарлау бойынша 15,

Инженерлік жабдықтау, жолдар салу ісінде 30,

Әлеуметтік экономикалық дамуға байланысты 11,

Шаһар аумағын абаттандыру, саябақтар салуға қатысты  24,

Қоршаған ортаны жақсарту мақсатында 11,

Білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдениет ошақтарын салу бойынша 9,

Спорт нысандарын салынса деген 9 ұсыныс айтылған. Енді жұмыс тобы осыларды жіті зерделеуге кіріседі. Бас жоспарды бекітуге дейінгі екінші кезеңде жұмыс тобы осы ұсыныстарды сарлап, әр салаға жауапты құзыретті органдардан келісім алуы тиіс.

Жаңа бас жоспарды әзірлеуге бір жылдан астам уақыт кетті. Мамандар шаһардың 117 мың гектар аумағына  топографиялық түсірілім жасады. Заман талабына сай векторлы форматта жасалған сызбалар  10 мың еселенген масштабпен картаға енгізілді. Бас жоспарды әзірлеу барысында  Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті архитекторлар шақыртылды. Олардың да ұсыныстары ескерілді.

        –  Даму жоспарында сәулетшілер ең алдымен мегаполистің экологиялық ахуалын жақсартуға жете мән берді.  Сонан кейін көлік қозғалысы, жолдарды кеңейту, оларды бірнеше деңгейлі етіп салу жоспарланды. Шымкент қаласының қалыптасқан жер  бедеріне қарай қала келешекте  солтүстікке қарай дамиды. Сондықтан негізгі құрылыстар, көп қабатты тұрғын үйлер солтүстік, ары қарай батысқа бағыт алады,-дейді Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ержан Оразханов

          Жұмыс тобына бас жоспарға енгізілетін өзгерістерді салалық құзырлы органдармен келісуіне тағы бір ай мерзім беріліп отыр. Құжат онан кейін мәслихат қарауына жіберіліп, жыл соңына қарай үкімет қаулысымен бекітілетін болады.