ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ЗАҢНАМАСЫ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ
-
Түркістан облысы, Әл-Фараби ауданы
Еліміздегі барлық құқық қорғау органдары қызметінің басты мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау болуы тиіс. Осылай деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстерді мұқият саралап, ондағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс нәрсенің бәрінен арылу қажеттігін тапсырған болатын.
Осы мақсатта жыл соңына дейін 30-ға тарта заң жобасына өзгерістер енетін болды. Бүгін Шымкентте көшпелі мәжіліс өткізген Парламент Сенатының конституциялық заңнама комитеті мүшелері осыны айта келіп, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру тетіктерін зерделеді. Комитет төрағасы Владимир Волков отырысты ашып беріп, заңнаманы жақсарту мәселелері азаматтардың конституциялық құқықтарына тікелей қатысты екенін атап өтті. Оның аясында адам құқын қорғауды күшейту, есірткіге байланысты, меншік пен ауыр қылмыстарға бағытталған заңдар қабылданды. Полиция, сот және прокуратураның өз арасындағы функцияларды нақтылауға байланысты үш буынды модель жобасы да бұл салаға бірқатар өзгерістер алып келмек. Еліміздің бас прокурорының орынбасары Әсет Чиндалиев қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөнінде жүргізілген жұмыстың қорытындысы мен қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстерін бір мезгілде түзете отырып, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша әзірленген заң жобасы туралы депутаттарға айтып берді. Көшпелі мәжілісте ішкі істер министрлігінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Шымкент қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының өкілдері де баяндама жасады. Бүгінгі таңда прокуратура органдарында істердің 93-95 пайызы электронды жүйеде қаралуда. Мамандар мұндай жаңашылдық адами факторды азайтып, заңның барынша үстем болуын қамтамасыз етеді деп санайды.
– Біз тыңдаған баяндамалардың қорытындысында сараптама жасалады. Және заңнаманы жетілдіруге байланысты нақты ұсыныстар болады. Бұл мәселелердің қорытындысында елімізде адам құқықтарын қорғауға байланысты процесуалды заңнама жетілдіріліп, нақты ұсыныстар ұсынылады,-деді Сенат депутаты Ләззат Сүлейменова.
Сенаторлар, сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаттарымен, жергілікті полиция департаменті қызметкерлерімен кездесу өткізді. Шымкент қалалық сотында болып, ондағы медиация орталығының жұмысымен танысты. Бас бостандығын айыру орындарындағы сотталғандарды ұстау шарттарын көрді.