ҚЫРКҮЙЕКТЕН БАСТАП 857 ЖАС БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласы бойынша баспаналы болғысы келетін 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастардан мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін 1 мың 631 өтініш келіп түсті. Өтінімдерді қабылдау биылғы жылдың 28 шілдесі күні сағат 09:00 ден 29 шілде күнгі сағат 19:00 аралығында жүргізілді. Өтінімдерді саралау, байқау нәтижесі биылғы жылдың қыркүйек айында жария етілетін болады. Өтінімдердің кейбірі құжаттарының толық еместігіне байланысты кері қайтарылған.
«Жұмыс істеп жүрген жастар» бағдарламасына қатысушылар үшін қойылатын басты талаптар мыналар:
– Жасы 29 жасқа толмаған жұмыс істейтін жас болуы тиіс;
– Өтінім берушінің соңғы 2 жылда Қазақстан Республикасы аумағында иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі;
– Шымкент қаласында соңғы 2 жылда тұрақты тіркеуде болуы, сонымен қатар, ай сайынғы табысы 40 АЕК (122 520 теңгеден) асуы шарт.
Бағдарламаға қатысушылар kezekte.kz электронды порталында ЭЦҚ арқылы өтініш бере алады. Одан кейін қатысушылардың балы есептеледі.
Жалпы, осы бағдарлама бойынша жыл соңына дейін еңбек етіп, тұрақты табыс тауып жүрген 857 жасты пәтермен қамту көзделген. Бұл топтағы азаматтарға қыркүйек және қазан айларында «Тұран» шағын ауданынан 211 пәтер, «Шымсити» шағын ауданындағы орамдардың бірінен 286 пәтер берілмек. Ал, қалған 360 пәтер «Бозарық» шағын ауданынан желтоқсан айында беріледі деп жоспарлануда. Айта кетсек, осы бағдарлама бойынша 2020 жылы 904 азамат, 2021 жылы 300 азамат пәтерлі болып, жайлы қонысқа жайғасқан болатын.
Жалпы, 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегіндегі халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында–365 отбасы, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша–1 460 отбасы несие негізіндегі баспанамен қамтылды. Ал биыл «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 1 мың 88 азамат тұрғын жайлы болады. Осы мақсатта конкурстар кезең-кезеңімен «Отбасы банкі» арқылы жүргізілуде. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 1 мың 605 отбасы сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанаға ие болмақ.