Қызғалдақ маусымы басталды!
-
Шымкент қаласы, Абай ауданы
Еліміздің оңтүстік өңірінде алғашқы қызғалдақтар қауыз жара бастады. Бұл ерекше табиғат сұлуларын Ордабасы тауына саяхатымызда өз көзімізбен көрдік. Қызғалдақ тұқымдастары ішінде алғашқыларының бірі болып гүлдейтін Корольков қызғалдағының шоқтай қызыл қауызы көзімізге ерекше көрінді. Көз көріп, көңіл қуанды.
Корольков қызғалдағы. Түркістан облысы, Ордабасы тауы
Корольков қызғалдағы – еліміздің оңтүстігінде ғана кездесетін, онда да шөл және шөлейтті табиғат зонасында өсетін эндемик өсімдік. Ботаник мамандардың өздері бұған дейін негізінен тек Қызылқұм маңында өседі деп келген бұл қызғалдақтың түрін Ордабасы тауынан жолыққанына таңданысын білдіріп отыр. Демек, аталған түрдің ең шығыстағы таралған нүктесі – Ордабасы тауы болуы мүмкін дейді олар.
Түркістан қызғалдағы. Шымкент қаласы, Ақтас ауылы
Сондай-ақ, Шымкент қаласына қарасты Ақтас ауылы маңындағы қырда Түркістан қызғалдағы гүлдеп жатыр. Түркістан қызғалдағы да Тянь-Шань тауларының тауалды қырқаларында өсетін, әрі алғаш қауыз жаратын эндемик тұқымдастар қатарына жатады.
Осылайша, бір күнде қызғалдақтың екі түрі гүлдегенін көзбен көрдік. Бұл екі түр де, Корольков пен Түркістан қызғалдағы да жойылып бара жатқан және сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жатқызылып, оларды қорғау мақсатында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Ескеретін жайт: Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған, не сабағына зиян келтірген жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабымен 3 мың еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Биылғы Бюджет туралы заңнамамен АЕК көлемі 2651 теңге деп белгіленсе, 3 мың АЕК дегеніміз 8 млн-ға жуық қаржы болады деген сөз.
Айта кетсек, бүгінде табиғи жағдайда 35 түрлі қызғалдақ өсетіндіктен, Қазақстан – қызғалдақтың отаны саналады. Сондай-ақ, көктем жаршысы саналатын осы гүл – Шымкент қаласының символы. Сондықтан, табиғат аясында серуендеген сәтіңізде қызғалдаққа да құрметпен қарағайсыз.
OpenKazakhstan
14 наурыз 2020 жыл