«ҚҰРСАЙҒА» ТАЗА АУЫЗ СУ ҚҰБЫРЫ МЕН ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІ ТАРТЫЛЫП ЖАТЫР
-
Шымкент қаласы, Абай ауданы
Шымкент қаласында орталықтан шеткері қоныстанған шаған аудандардың инфрақұрылым жүйелерін жақсарту ісі қарқынды жүріп жатыр. Мұндай жұмыстар «Құрсай» шағын ауданында да атқарылуда екен. Аймаққа таза ауыз су жүйесін жүргізу және интернет желісін тарту ісі қолға алынған.
Бүгінгі таңда аймақта 41 мың 680 тұрғын тіршілік етуде. Құрылыс жұмыстарын жүргізу екі кезеңде атқарылады. Оның алғашқы кезеңінде 185,5 шақырымға су құбыры тарту жоспарланған. Межеленген жұмыс бүгінде бітуге жақын. Нәтижесінде 4 мың 900 абонент сапалы ауыз сумен қамтылады. Ал, екінші кезеңде тартылатын су жүйесінің жалпы ұзындығы 151 шақырым. Бұл жерде де құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. Қазірге дейін жоспардағы жұмыстардың 92 пайызы орындалды. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша биылғы жылдың қараша айында 3 мың 436 абонент, ал жыл соңына дейін барлығы 41 мың 680 тұрғын таза ауыз су тұтыну мүмкіндігіне ие болады.
«Құрсай» шағын ауданының аумағы электр жарығымен 100% қамтылған. Енді қуат көзінің сапасын арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл мақсатында кернеуі 110/35/10 килловатт болатын электр желілерін тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, тағы 600 үй сапалы электр жарығына қосылады. Бұл жұмыстар жергілікті биліктің және құрылысқа тапсырыс беруші мекемелердің ұдайы бақылауында. Олар істің сапалы әрі мерзімінен кешіктірілмей атқарылуын қадағалайды.
Бұдан бөлек, 2021 жылы «Құрсай» шағын ауданын сапалы интернетпен қамту мақсатында мобильді операторлармен базалық станция орнату үшін тиісті келісімдер жасалынған болатын. Осы уағдаластыққа сай бүгінгі таңда «Құрсай» шағын ауданына «Кар-Тел» компаниясы тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы Жылысай көшесінің тұсына базалық станция орнатылды. Сонымен қатар жеке инвестормен келісім жасасып, №49 жалпы білім беретін орта мектеп ғимаратының маңына антенна-матчталық құрылғы орнатылды. Бүгінде аталған құрылғыға мобильді байланыс операторларының базалық станциясын қондыру ісі ғана қалды. Тиісті жұмыстар 1 ай көлемінде аяқталса, шағын аудан сапалы интернетпен қамтылады.
Одан бөлек, шағын ауданды жеке инвестор қаражаты есебінен талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары да жоспарға енгізілген. Қазіргі таңда, инвестор тарапынан шағын ауданды сапалы интернетпен қамтуға қажетті құрал жабдықтар алынған.