ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІ ЖАҺАНДЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ҚАДАМ БАСЫП КЕЛЕДІ

  • Астана қаласы, Есіл ауданы
blog-single-image

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласында білім және ғылым саласындағы стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы өтті. Іс-шара аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық және жаһандық білім беру экожүйесін терең түрлендіруге бағытталған нақты шаралар туралы баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда шетелдік университеттердің 40 филиалынан тұратын желі құрылып жатыр. Олардың 85 пайызы жоғары технологиялық бағыттарға – жасанды интеллект, компьютерлік инженерия, киберқауіпсіздік, жаратылыстану және техникалық ғылымдар, ядролық физика және басқа да сұранысқа ие салаларға бағытталған. Бұл бастама халықаралық деңгейдегі сапалы білімді ел ішінде алуға мүмкіндік береді, оған қоса инвестиция тартуға және академиялық туризмді дамытуға септігін тигізіп, жол ашады.

Бүгінгі таңда елімізде 31 500 шетелдік студент білім алып жатыр. Әлбетте, бұл көрсеткіш – тарихи рекорд. Алғаш рет Азия елдерінен келіп білім алып жатқан студенттер саны ТМД елдерінен келген студенттер  санынан асып түсті. Бұл тұрғыда, алдағы 2029 жылға қарай шетелдік студенттердің санын 100 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр деп қосты министр Саясат Нұрбек мырза.

Форум барысында стратегиялық серіктестер кеңесінің құрылғаны атап өтілді. Кеңес институционалдық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге және негізгі міндеттерді бірлесіп шешуге бағытталған. Бүгінгі таңға дейін Кеңестің үш отырысы өткізілген.

Айта кетсек, Астана қаласында өткен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестердің халықаралық форумына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларынан бөлек, алыс-жақын шетелдерден де өкілдер қатысқан болатын. Олардың қатарында Quacquarelli Symonds компаниясы, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты, Бейжің тіл және мәдениет университеті, Кардифф университеті, Вусонг университеті, МИФИ, Минерва университеті және басқа да беделді оқу орындарының басшылары болып, пікірлерімен бөлісті.