ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІТІМГЕРШІЛІК РӨЛІ: ЕРЕВАН МЕН БАКУДІҢ ЖАҚЫНДАСУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Биылғы 2025 жылдың 21 қазанында Грузия мемлекетінің астанасы Тбилиси қаласында өткен V «Жібек жолы» форумы басталған болатын. Осы жиында Армения республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян Армения мен Әзербайжан арасындағы маңызды уағдаластықтар туралы мәлімдеме жасады.
Н.Пашинян Әзербайжан республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің өз елінің аумағы арқылы Армения бағытындағы транзитке қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешімін жоғары бағалады.
«Бұл – аса маңызды мәлімдеме. Мен Әзербайжан Президентіне осы қадамы үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Никол Пашинян.
Сонымен қатар, Армения республикасы Үкіметінің басшысы бұл келісімге қол жеткізу кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Грузия республикасы Премьер-министрінің атқарған маңызды делдалдық рөліне ерекше тоқталып өтті.
«Мен Қазақстан Республикасының Президентіне және Грузия Республикасының Премьер-министріне осы келісімді жасауға қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін», – деп атап өтті ол.
Қазақстан бұл ретте өңірлік тұрақтылық пен сенімді диалог орнатудағы беделді бітімгершілік рөлін тағы да дәлелдеді. Елдің сыртқы саясаттағы теңгерімді ұстанымы мен конструктивті бастамалары Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп келеді.
Айта кетсек, «Жібек жолы» деп аталған халықаралық форум Грузия астанасы Тбилиси қаласында биыл осымен бесінші рет өтіп жатыр. Форум Груизия премьер-министрінің қолдауымен өтіп тұрады. Биыл оған жоғары лауазымды саяси қайраткерлер, бизнес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, 70-тен астам елден 2,3 мыңнан астам делегат қатысып жатыр. Бұл үлкен алаңда халықаралық деңгейдегі ірі жобалар талқыға түседі.