ҚАЗАҚСТАН – АКАДЕМИЯЛЫҚ БІЛІМ АЙМАҒЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК ЖАҢА ДЕҢГЕЙДЕ
- Астана қаласы, Есіл ауданы
Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы өтті. Форум білім және ғылым саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайту мен жоғары білім беру жүйесін дамытудың жаңа бағыттарын айқындауға арналды.
Іс-шара барысында стратегиялық серіктестер кеңесінің құрылғаны атап өтілді. Кеңес институционалдық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге және ортақ міндеттерді бірлесе шешуге бағытталған. Бүгінгі таңға дейін Кеңестің үш отырысы өткізілген болатын.
Форум аясында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) ректоры Анатолий Торкунов Қазақстанның Ресей үшін білім саласындағы сенімді серіктес әрі одақтас екенін атап өтті. Ол Астанада ММХҚИ филиалының ашылуының стратегиялық маңызына тоқталып, бұл бастама біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру мен болашақ көшбасшыларды даярлауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исақаев өңірлік жоғары оқу орны үлгісінде Аризона университетімен ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулер арқылы академиялық әріптестікті ғылыми серіктестікке айналдыру тәжірибесін таныстырды. Сондай-ақ, академиялық және зерттеу жетістіктері орталығын құру нәтижелері ұсынылды.
Қорытынды сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына мазмұнды баяндамалары мен сындарлы ұсыныстары үшін алғыс білдіріп, Қазақстан өз университеттерін жан-жақты дамыту саясатын одан әрі жалғастыра беретінін атап өтті.