ҚАЗАҚСТАН ЖАҺАНДЫҚ СУ ДИПЛОМАТИЯСЫН ДАМЫТУҒА БАСТАМА КӨТЕРДІ

  • Астана қаласы, Есіл ауданы
blog-single-image

Мемлекет басшысы Қазақстан БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекеттер арасындағы ықпалдастық жаһандық су мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысының сөзінше, қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының жүйесінде тек су проблемаларына арналған арнаулы құрылым жоқ. Қазақстанның бастамасы арқылы UN-Water ведомствоаралық тетігін толыққанды арнаулы агенттікке немесе ұйымға айналдыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму мақсаттарына және халықаралық қоғамдастық мүддесіне сәйкес келеді.

–  Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады. Сол арқылы БҰҰ аясындағы түрлі ұйымдардың барлық мандатын бір мақсатқа жұмылдыруға болады. UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді. Ортақ саяси ерік-жігердің арқасында күн тәртібіндегі судың өзекті мәселелері жүйелі түрде шешіле бастайтынына сенімім кәміл, – деді Мемлекет басшысы.

Келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммит барысында Қазақстан халықаралық консультацияларды бастауға ниетті. Мемлекет басшысы судың өзекті мәселелерін жүйелі шешу үшін ортақ саяси ерік-жігер қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабад форумы аясында мүдделі мемлекеттердің серіктестігін нығайтып, әлемде әділетті тәртіп қалыптастыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында құрылатын мемлекеттер арасындағы жаһандық су дипломатиясын дамыту туралы маңызды бастамасын 12 желтоқсан күні Түркіменстанда өткен халықаралық форумда мәлімдеді.