ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕГЕМЕНДІГІ ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯСЫНА – 35 ЖЫЛ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Биыл Қазақстан Республикасының тарихындағы аса маңызды құжаттардың бірі – Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Бұл тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке бастар жолындағы шешуші кезеңнің бастауы болды.
Тарих беттеріне зер салар болсақ, 1990 жылғы 25 қазаны күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация Қазақстанның мемлекеттік дербестігін айқындап, егемен мемлекеттің құқықтық, саяси және экономикалық негізін қалаған болатын. Бұл құжатта республика аумағының тұтастығы, мемлекеттік биліктің тәуелсіздігі және ұлттық мүддені қорғау қағидаттары бекітілді.
Республиканың Егемендігі туралы Декларацияның қабылдануы – елдің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуындағы тарихи бетбұрыс болды. Ол кейінгі Конституциялық реформалар мен Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның қабылдануына негіз қалап, Қазақстанның егемен ел ретінде халықаралық аренада мойындалуына жол ашты. Мемлекеттік егемендік туралы Декларация – халқымыздың азаттыққа, дербестікке және ұлттық бірлікке ұмтылысының символы. Бұл құжат Қазақстанның демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет ретінде дамуының бастауы болып саналады.
Осы тұста айта кетсек, 2022 жылы 16 маусым күні Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайды мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 25 қазан – Республика күніне Ұлттық мәртебе беру туралы бастама көтеріп, «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деген болатын. Сол бастама қолдау тауып, сол кезден бастап Республика күні жыл сайын Ұлттық дәрежеде аталып өтіліп келеді.
Бүгінде осы тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл тола отырып, еліміз Тәуелсіз Қазақстанның тұрақты даму, жаңару және өркендеу жолын жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде әділетті қоғам құру, ұлттық мүддені қорғау және мемлекеттілікті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.