ҚАЗАҚТЫҢ КИІЗ БАСУ ӨНЕРІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Киіз басу – дәстүрлі қазақы ортада дамыған киіз жасау өнері. Оған жүн талшықтарының бір-бірімен ұйыса байланысатын қасиеті негізге алынған. Қазіргі заманғы шұға басу, байпақ жасау, фетр (қалпақтық биязы киіз) басу процесстері де киіз басу дәстүрлі технологиясымен бірдей.

Киіз басу және киізден бұйымдар жасау көне замандардан бастау алады. Әйгілі Пазырық қорғанынан және басқа да ежелгі темір дәуіріне жататын қорымдардан (б.э.д. ІХ – б.э. ІІІ-ІV ғғ.) археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттардың ішінде киізден басылған бұйымдар кездеседі. Байырғы көшпелі тұрмыста киіз туралы мәліметтер мен оның қандай қызмет атқарғаны Марко Поло (1230 ж.), Плано Карпини (1246 ж.), Клавихо (1403 ж.) сияқты орта ғасыр саяхатшыларының жазбаларында айтылады.
Киіз басу жұмысы орта ғасырдан бұрын өзінің шарықтау шегіне жеткен. 1253-1255 жылдары фламанд саяхатшысы, монах, IX Людовик жіберген дипломатиялық елшілікті басқарып, Моңғолияға сапар шеккен В. Рубрук қаңлы-қыпшақ даласынан өтіп бара жатып, олардың үйлерін тек ақ киізден жабатынын, ал киіздің ағарып, жарқырап тұруы үшін оған әк, ақ топырақ немесе сүйектің күйдірген ұнтағын себетіндігін, сол сияқты киіз бұйымдардың бетіне оюлап салынған аң-құстардың, өсімдіктердің бейнесі жарасымдылығымен көз тартатындығын сипаттап жазады. Ертедегі саяхатшылар сипаттаған киіз басудың көне тәсілдері қазақ, қырғыз т.б. халықтарда ХХ ғ.-ға дейін сақталып келді. Тарихи деректерге сүйенсек, киіз басумен бүкіл түркі тектес тайпалар түгел айналысқан.
Дәстүрлі қазақы ортада киіз басудың негізгі ұйымдастырушылары да, орындаушылары да әйелдер болды. Әрбір қазақ әйелі киіз басудың ежелден орныққан технологиясын жетік меңгерген. Өйткені, ХІХ ғ.-да қазақ тұрмысын дендеп зерттегендердің бірі М. Красовский айтқандай, «… қазақтар қыздарды жас шағынан іс тігу, өрмек тоқу, киіз басу т.б. үйретеді, өсе келе олардан бәрін талап етеді».

Қыздарды қол ісіне жас кезінен үйреткендіктен, өскен кезде олардың киіз басу шеберлігі аса жоғары болған. Ол жөнінде қазан төңкерісіне дейінгі қазақ өлкесіне байланысты орыс тарихнамасында мәліметтер мол кездеседі. Мәселен, киіз басушылар мен қазақ киізінің сапасы жөнінде И.Я. Словцов былай деген еді: «Қазақтар киізді тамаша тапқырлықпен өте тез және сапалы етіп басады. Бұл жөнінде орыстың киіз басушылары олармен жарысқа түсе алмайды».

Киіз басу ісі киізді басуға қажетті жүнді дайындау жұмыстарынан басталады. Дайындық жасау 3 сатыдан тұрады.

– Бірінші сатысы – қырқылатын қой-қозыларды тоғыту. Бұл – қырқымның алдында міндетті түрде атқарылатын жұмыс. Яғни, алуға қажетті күзем жүн (күзгі жүн) алу үшін денесіне жаз бойы шаң-тозаң жинаған қой-қозыларды өзенге апарып, суға тоғытады.

– Екінші саты – қой қырқымы (қой жүнін қырқу) басталады. Жүн қырқу барысында жүннің ақ, қара, кер қызыл түстері бөлек-бөлек жиналады, қылшықты, салалы, қысқа, бауыр жүндер сұрыпталады.

– Үшінші саты – жүн сабау. Қырқылған, сұрыпталған жүннен бұйым жасау үшін тазалап және қопсытып алу қажет. Жүннің іртігін жазу, шөп-шаламын тазарту, құмалағын түсіру, үлпілдету үшін жүнді сабау тәсілі қолданылады. Ал, жүннің құрамындағы қылшықтарын тік сояуларын кетіру үшін қазанға салып, сабаумен араластыра отырып сәл қыздырады. Осылайша қылшықтың тік сояулары қарылып, жиырылып қалады. Бұл тәсіл жүн қару деп аталады. Жүн сабау үшін оның тулақ және сабау деп аталатын құралдары дайындалады. Тулақ – серке, сиыр, тай терісін шикідей кептірген төсеніш. Оны сабалатын жүннің астына төсейді.

Сабау – жүннің ұйысқанын жазу, қопсытып үлпілдету үшін қолданылатын қос шыбық. Жүннің іртігін жазуға неғұрлым қарымдылау, қаттылау жасалған тулақ сабау деп атайтын сабауды, ал жүнді шабақтауға (жүнді шыбықпен жаймалауға) шабақ сабау деп атайтын сабау түрін қолданады. Жүн сабау үшін кеңірек орын дайындалады. Бұл жұмыс әзіл-күлкімен көңілді өтеді. Жүн сабау жұмысына 10 шақты, тіпті, одан да көбірек адам жиналуы мүмкін. Сабау үшін екі-үш тулақты біріктіріп төсейді. Жүнді тулаққа үйіп-төгіп салмай, шақтап салады. Оны бір сабам жүн дейді. Тулаққа бір сабам жүннен салып отырып іртігі (түйіртпегі) жазылғанша, үлпілдеген күйге жеткенше қопсытып сабайды. Сабалып болған жүнді шетінен бастап ортасына қарай жиырып отырып түйдектеп орап, сабаудың ұшымен көтеріп алып, бір шетке жинайды. Сабалып жатқан жүн түсіне қарай бөлек-бөлек жиналады. Жүн сабаудың ел ішінде қалыптасқан өзіндік тәсілдері бар. Тулаққа салып жүн сабағанда сабаушылар қолдарын бірдей көтеріп-түсіріп отырады. Әр адамның қолында екі сабаудан болады. Жүнді қос қолмен сабайды. Сабаудың бұл әдісін қос қолдап сабау дейді. Екі қолдың бірдей қимылдауы қимылдың ырғағын қалыптастырады. Ырғақ бұзылса, сабаулар бір-біріне соғылып қалады. Қос қолдап сабау іртігі оңай жазылмайтын, өте түйдектелген жүнге қолданылады. Қос қолмен сабағанда екі қолдың қызметі бір мезгілде тең соғылып, астындағы жүннің әсерінен тең серпіліп, жүнді қопсытады және осының арқасында жүн де бірқалыпта суырылып, артқа да бірдей көтеріліп отырады.
Жүн сабаушылар кейде екі қолын кезек көтеріп сабау тәсілін қолданады. Бұл әдіс бойынша жүн сабаушылар алдымен оң қолындағы сабауды тік көтермей, сабалған жүннен суырып тартып барып көтереді. Осы қимылмен қабаттаса сол қолдағы сабау суырыла бастайды. Оң қолдағы сабау артқа суырыла бере көтерілген екпінмен тулаққа қайта соғылғанда, сол қолдағы сабау оң қолдың жасаған қимылын қайталайды. Бұл әдіспен жүн сабағанда да жүн сабаушылырдың қимылы бір ырғақпен, бір адамның қимылындай түрде орындалуы керек. Жүн сабаудың осындай үрдісі көсіп сабау, көпіртіп сабау, есіп сабау, тәрізді тәсілдерден тұрады. «Сабаудан шыққан дыбысқа тулақ та ортақ» деген мақал осы үрдістің ерекшелігіне байланысты айтылса керек.

Жүн сабаудан кейін дайын болған жүннен киіз басылады. Кейде жүн сабауға, киіз тебуге, білектеуге балалар және күш қажет болғанда жігіттер де қатысқан. Киіз басу үшін шиге салу, шабақтау, бет тарту, су себу, тебу, булау, білектеу, қарпу сияқты тәсілдер қолданылған.

Жүнді шабақтау мен бет тартқанда киіздің неге арнап басылатындығы ескеріледі. Егер киіз сырмаққа арнап басылса, оның астыңғы бетіне бозғылт, қызыл түсті жүндер шабақталады. Ал бетіне ең әдемі жүн тартылады. Әдетте, сырмаққа арналған киізді жұқа етіп басады, өйткені ол қалың басылса, сырмақ қосымша материалмен сырып тігілгенде ауырлап кетуі де мүмкін. Сондықтан, үстіңгі беті тартылған соң, жүннің біркелкілігін байқау үшін тағы да бір рет қарап өтіп, киізді алақанмен басып тексереді. Жұқа жеріне жүн қосады, қалың жерін жаймалап жұқартады. Әдетте, ши бетіне салынған жүннің біркелкілігіне көз жеткізген соң, ыстық су әкеліп, сүзгімен яки шөміштің сырт жағымен шашыратып, шидің бір жақ шетінен бастап себелеп шығады. Шашырата құйылған ыстық су өз салмағымен жүнді басып, шабақталған жүн мен тартылған жүнді бір-біріне жабыстырады. Сөйтіп, жүн кіріге бастайды. Жүннің мұндай күйін киіздену дейді. Су себіле басталысымен қатар отырған 3-4 әйел басылып жатқан жүнді қабаттай шиыршықтап, шимен бірге жинап отырады. Шиді ширатып ораған сайын қайта-қайта ыстық су құйылып отырады. Киіз басудағы осы жұмыс су себу деп аталады. Осы әдіспен жүн тартылған ши орала жиналып болған соң, оны сыртынан жіппен жұмырлап байлайды. Ортан белінен бір-екі жерден арқанды өткізіп алып, екі ба-сын тұйықтап, бос салып қояды. Бұл тәсіл шиыршықталып жатқан шиді домалатып сүйрету үшін қажет.

Жай киіз бен текеметке арналған киізді тебудің біраз айырмашылығы болады. Текемет деп киіздің ою салынған түрін айтады. Текемет басуда бір сағат ары-бері домалатып тепкеннен кейін шидің орауын жазып, киіз бетіндегі өрнекті түзетіп алып, оны қайта орап, тағы да бірсыпыра уақыт домалата отырып тебеді. Киіз тебу уақыты 2 сағаттан 3 сағатқа дейін созылады. Киіз неғұрлым көп тебілсе, соғұрлым шымыр, тегіс, бірсыдырғы әдемі болып шығады. Ондай киіз көп уақытқа дейін қопсымай, түтеленбей, сынын бұзбай ұзаққа шыдайды. Киіз тебу көпшіліктің қатысуымен орындалған. Киіз тебушілер домалатып тепкен киіздерін қадірлес отаулардың сыртына апарып, «қой басты, қой басты» деп әзілдейді. Ол үйдің иесі реті келсе қой сойып, болмаса қымызбен яки құрт-май алып шығып, киіз тебушілерді қонақ еткен. Мұны қазақы ортаға тән әлеуметтік қатынастың ерекшеліктерінің бір қыры десе де болады.

Г. Расулова

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК  «Шым қала» тарихи-мәдени кешені бөлімінің әдіскер маманы