Шымкент қаласы аумағында бірнеше Қазақ батырларына арналған мүсін-ескерткіштер бар. Солардың бірқатарына жекелей тоқтала отырып, ескерткіштер туралы мағлұмат беруді көздеп отырмыз. Батырларға әліпби тәртібімен ретімен тоқталуды жөн санадық.
АҚПАН БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ
Ақпан батыр ескерткіші Шымкент қаласындағы Ақпан батыр және Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан. Мүсінде ат үстінде отырған батыр оң қолымен қылышты төмен қарата жүзінен ұстап, жоғары көтеріп тұрған сәті бейнеленген. Ескерткіштің биіктігі 5,5 метр, ол жерден 6 метр биіктегі тұғырға орналасқан. Қоладан жасалған. Авторы – кәсіби мүсінші С.Ильяев. Орнатылған уақыты 2012 жыл.
Ақпан батыр тарихқа Қоқан және басқа да сыртқы жаулардан қазақ халқын азат етуші батырлардың бірі ретінде енді. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында, Қазығұрт тауының маңында дүниеге келген. Оның өмір сүрген уақыты, Ресей отаршылдығы мен езгісіне, ортаазиялық Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтарының озбырлықтарына, басқыншылықтарына, тонаушылықтарына қарсы болған көтерілістер, ұлт-азаттық қозғалыстар кезеңіне жатады.
Сол кезеңде қазақ халқы өз ортасынан тарихи тұлғалардың, әсіресе, батырлардың көп шоғырын тарих төріне шығарады. Саржан, Кенесары, Наурызбай секілді хан-сұлтандар, Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы секілді батырлар мен билер – осы қиын-қыстау дәуір дүниеге әкелген тұлғалар. Жанқожа батырдың қарулас серігі – Ақпан батыр да осы кезең дүниеге келтірген батырлардың қатарына жатады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында Ақпан батыр атымен аталатын үлкен көше, орта мектеп бар.
ЖОЛАН БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ
Ескерткіш Шымкент қаласындағы Т. Рысқұлов пен Жолан батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Мүсін биік тұғырға орнатылған. Мүсінде Жолан батырдың ат үстінде оң қолына ширықталған ұстап, жоғары көтеріп отырған сәті бейнеленген. Ескерткіш мәрмәр және граниттен жасалған. Авторлары мүсінші Қуаныш Мәліков пен сәулетші Асқар Әлімжанов. Ескерткіш 2013 жылы қыркүйек айында ашылған.
Жолан Төлеұлы – Төле бидің баласы, батыр, елші. Жолан ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, қазақ жерлерін жоңғарлардан азат ету кезіндегі бірқатар шайқастарға қатысқан. Екі рет Жоңғар қонтайшыларының қолында аманатта болып, ғұмырының 14 жылын сонда өткізген. Жолан көршілес қырғыз халқымен арадағы даулы мәселелерді шешуге ат салысып, мәмілегерлік қызмет те атқарған. 1758 жылы Цин империясына Хангелді батырдың інісі Пұсырман мен Меңнияз билерді Жолан батыр бастап, үшеуі қытай еліне елшілікке барған.
Шымкент қаласында Жолан батыр атымен аталатын көше бар.
ҚАБАНБАЙ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ
Қабанбай батыр ескерткіші Шымкент қаласындағы Қабанбай батыр көшесінде, «Тәуелсіздік» саябағының алдындағы көрнекті орында орналасқан. Мүсінде батырдың сол қолына қалқан мен қылыш, оң қолына қамшысын іліп, батыс жақты сілтей көрсете түрегеп тұрған кейпі бейнеленген. Ескерткіш мыс және граниттен жасалған. Алдындағы алаңқай мен аяқжолдарға бетонды плита төселіп, айналасы абаттандырылған. Мүсін авторы Қ. Мәлікұлы. Ашылған уақыты 2007 жыл.
Ескерткіштің сол қапталындағы қабырғаға батырдың «Алыс-туыс демеймін, Мұсылман-кәпір демеймін, Атыды кім атаса, Соны қолдап, жебеймін» деген сөзі, оң жақ қапталындағы қабырғаға ХVІІІ ғасырдағы қазақтың батыр қыздарының аты-жөні жазылған.
Қабанбай Қожағұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз – батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл. Ол 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 жылы сонда дүние салған. Елін, жерін қорғап жоңғарға қарсы шайқасқан қазақтың хас батырларының бірі.
Шымкент қаласында Қабанбай батыр атында көрікті, үлкен даңғыл бар.
ҚАПАЛ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ
Қапал батыр ескерткіші 2002 жылы Ақназар хан мен Төле би көшелерінің қиылысында орналасқан. Қапал батыр қалмақтармен арадағы соғыста көзге түскен қолбасшылардың бірі. Ауызша тарих деректерінде, Есім ханның сенімді түменбасы және өз руының атақты биі болғандығы айтылады. Оның мүсінін жасаған мүсінші А. Тұрсынов.
Ескерткіште Қапал батыр ат үстінде, сауыт-сайман киімін киіп, белінің сол жағында қалқаны мен қылышын байлап алған бейнесі сомдалған. Оң қолы тізгінде, сол қолы оң жағына қарай жайылып тұрған қалыпта. Мүсінінің биіктігі – 5 метр.
Мүсін тіктөртбұрышты тұғырда орнатылған (биіктігі – 6,15 метр), ол күрең-қызыл гранитпен қапталған. Тұғырдың жоғарғы жағында қоладан жасалған тақтайшаға «Қапал батыр. XVI-XVII ғғ.» деп жазылған. Ал, астыңғы жағында шығыңқы баспалдақ тәріздес қара түсті гранит тақтайшаға «Қапал батыр топырағы. Жатқан жері Алматы облысы Қапал ауданы Қапал қаласынан 40 шақырым жердегі Қарамолада» – деп жазылған.
Шымкент қаласында Қапал батыр есімімен аталатын үлкен көше бар.
ТІЛЕУ АЙТҰЛЫ ЖӘНЕ ЖОЛДЫАЯҚ ТІЛЕУҰЛЫ
БАТЫРЛАРДЫҢ ЕСКЕРТКІШІ
Шектінің батыры, әрі биі Тілеу Айтұлы 1630-1684 жылдар аралығында өмір сүрген. Сайрам үшін болған шешуші ұрыста жоңғарларға қарсы 17 мың қолды Ақтөбеден бастап келіп, баласы Жолдыаяқпен бірге опат болады. Екеуінің сүйегі де Қ.А.Ясауи кесенесіне жерленген.
Тілеу Айтұлы – би әрі батыр, қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы, Мөңке бидің әкесі. Күлтөбеде Тәукені хан сайлауға, Сұпы Әжіні пір сайлауға қатысқан.
Әкелі-балалы батырлар Тілеу Айтұлы, Жолдыаяқ Тілеуұлының ескерткіші Шымкент қаласы Қажымұқан атындағы орталық стадионның батыс бүйіріндегі гүлзарбақта орналасқан. Мыс және граниттен жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі – 10 метр. Авторы – Әбдікәрім Ахметов.