Шымкент қаласының биылғы жыл басында бекітілген 2024 жылғы өтетін мәдени іс-шаралар жоспарында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ театрының 90 жылдық мерейтойын атап өту қаралған болатын. Ондағы 90 жылдық датаны белгілеудегі сүйенген басты құжат ретінде Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысы аталған. Алайда, оған дейін де қалада театр сахнасы болғаны туралы ауызша деректерді естіп келген едік. Ал, 2021 жылы жарық көрген М.Әбдіәкімұлының «Шымкент тарихы» еңбегінде «…1920 жылдары Шымкентте уездік-қалалық комитеттің жанынан құрылған революциялық театр жұмыс істепті. Бірақ, ол театрдың жұмысы қандай деңгейде болды, қандай қойылымдар қойды, ол жағы мүлдем белгісіз. Өйткені, олар туралы да дерек мүлдем жоқ. 1929 жылы Шымкентте бұрынғы «Шымкент» кинотеатры тұрған жерден алғашқы клуб-театр салынады» дейді. Ал, негізгі дерек ретінде ұсынылатын 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысында «бұрын жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейту» туралы тапсырма айтылады. Осындай жанама деректер мен құжаттардағы сөздердің мағыналарына нақты түсініктеме үстей отырып театрдық құрылу мерзімін нақтылауға жақындай түсеміз.
«Ж.АЙМАУЫТОВТЫҢ ШЫМКЕНТТЕ ТЕАТР ІСІН ДАМЫТУМЕН АЙНАЛЫСҚАНЫ АНЫҚ»
Өткен апта Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына арналған баспасөз конференциясы өткен болатын. Осы жиын барысында жоғарыда айтылған театр құру тарихы парақталып, архив құжаттары негізіне сүйенген құнды пікірлер ортаға салынды. Қолға түскен архив құжаттард сараптай отырып, Шымкенттегі қазақ театрының тамыры дөңгелектеліп кем дегенде 95 жылдық тарихы бар деп жарияланды. Театрдың 95 жылдық мерейтойын атап өту жоспары ортаға салынды.
Баспасөз конференциясына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы Момбек Әбдіәкімұлы, «Егемен Қазақстан» республкиалық басылымының Түркістан облысындағы тілшісі Ғалымжан Елшібай, Ж.Шанин театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек, театрдың көркемдік жетекшісі Сұлтан Сраил, сонымен қатар театр ұжымы қатысты.
Баспасөз конференциясын қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, жиынның тізгінші қызметін өзі атқарды. Сәрсен Абайұлының баяндамасынан өзі бас болып театрдың тарихына қатысты архивтің біршама құжаттарын ақтарғаны байқалды. Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында Шымкент қаласындағы театр мен театр ұйымдастыру шежіресі жайында тың деректер келтірді.
– Бұған дейін өнер ордасының тарихы 1934 жылдан басталады деп есептелетін еді. Алайда, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төралқасының 1934 жылғы 19 қарашадағы «Қазақ ұлттық театры туралы» қаулысында «жұмыс істеп тұрған қазақ театрының әлеуетін күшейтуге дереу кірісу» жөнінде нұсқау берілген. Бұл театрдың тарихы 1934 жылдан емес, одан әріден басталатынын көрсетеді. Архивтен Қызылордадағы Қазақ мемлекеттік театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры) саяси ағарту жөніндегі бас комитет мүшелері жиналысының 1927 жылғы 16 қазандағы хаттамасы алынды. Онда сол театрдың директоры Ж.Шанин театр режиссерлерінің тапшы екені жөнінде айта келіп «Қазақстанда режиссер болатын тек Аймауытов қана бар, одан басқа режиссер болатындай ешкім жоқ» деп атап көрсеткен. Ал, Ж.Аймауытов 1926-1929 жылдары аралығында Шымкентте орналасқан Сырдария округтік қазақ педагогикалық техникумында қызмет атқарған. Демек, Ж.Аймауытовтың сол жылдары Шымкентте театр ісін дамытумен айналысқаны анық, – дейді Сәрсен Абайұлы.
Сөзін архив құжаттарына нақтылап сүйеген Сәрсен мырза, қосымша тағы бір жанама тарихи дерекке назар аударды. Театрдың тарихына қатысты маңызды құжаттың бірі – 1929 жылдың 28 қыркүйегінде бекітілген «Шымкент қалалық қазақ драма театрының сахнасын жабдықтау бойынша материалдық-шаруашылық шығындар жөніндегі алдын ала смета». Осы сметаға сәйкес, 1929 жылы театрдың сахнасын жабдықтауға 7 589 рубль қаражат бөлінгенін дәлелдеп тұр. Демек, сол 1929 жылы Шымкентте қазақ театры болған. Егер, бұған дейін айтылып келгендей театр 1934 жылы құрылған болса, онда одан 5 жыл бұрын, 1929 жылы қазақ театрының сахнасын жабдықтауға қалай қаржы бөлінеді? Бұл тікелей дерек емес, жанама дерек болса да Шымкенттегі қазақ театрының тамырын 5 жыл бұрынырақ кезеңге жеткізеді. Міне, бүгінгі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 95 жылдық мерейтойының дерегін осы тұстан бастап жату себебі де сол болып тұр.
Архивтен табылған тағы бір маңызды құжат – 1940 жылдың 27 қаңтарында шыққан Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрының 1939 жылғы жұмысына жүргізілген ревизияның қорытынды актісі. Бұл актіде театрдың директоры Л.Берещук 1932 жылдан бастап қызмет атқарғаны көрсетілген. Осы деректер Шымкенттегі қазақ драма театрының ресми ашылу мерзімінің 1934 жыл емес, 1929 жыл екенін дәлелдейді дейді сөз алғандар.
– Театрда еңбек етіп, оның дамуына үлес қосқандар Шымкенттегі қазақ драма театрының тарихы 1934 жылдан емес, әлдеқайда ертерек басталатынын айтты. Сондықтан, бұл әділеттілікті қалпына келтіргіміз келді. Жұмат Шанин театрдың дамуына зор үлес қосты, мәдениетті сіңірді, біз оның ісін жалғастырамыз,-деп қорытындылады сөзін Сәрсен Абайұлы.
ТЕАТРДЫҢ 96-ШЫ МАУСЫМЫ «АҚ КЕМЕ» ДРАМАСЫМЕН АШЫЛАДЫ
Бұл театр 1929 жылы жоқ жерден пайда бола салмағаны түсінікті. Архивтік құжаттар Шымкенттегі мұғалімдер дайындайтын семинарияда Ж.Аймауытовтың жүргізген музыкалық-драмалық үйірмесі болғанын, онда шәкірттер көркем оқу, пьесаларды талдау, грим, гимнастика, пластика секілді театрға тікелей қатысты пәндерді оқығанын, бұл үйірме 1927-1929 жылдар аралығында жыл сайын 8-9 қойылымды сахналағанын көрсетеді. Көрнекті жазушы, драматург Ж.Аймауытов бұл үйірмеде кәсіби театр мамандарын оқытып, дайындап, Шымкентте қазақ ұлттық театрының ашылуына үлкен еңбек сіңірген.
Танымал тұлғалар М.Әбдіәкімұлы, С.Қасымбек, Ғ.Елшібайлар да Шымкент қаласындағы қазақ театрының түрлі кезеңдерде басынан кешкен тарихы мен онда қойылым қоюшы режиссерлар, актерлердің еңбектеріне екпін берді.
Жұмат Шанин атындағы театрда елге танымал әртістер Хадиша Бөкеева, Әмина Өмірзақова сияқты ұлы тұлғалар өнер көрсетті. Бұл сахнада жүздеген спектакльдер қойылған. Мұнда тек Оңтүстікке ғана емес, күллі Қазақстанға, шетелге де танымал көптеген көрнекті актерлер мен режиссерлер өз мансабын бастады, талай жаңа таланттар танылды. Бүгінде шығармашылық ұжымда барлығы 88 адам қызмет етіп жүрсе, оның ішінде 55 актер өнер көрсетеді.
Сонымен, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ театрының 95 жылдық тарихы бары жан-жақты дәлелденді. Демек, биылғы театр маусымы 96-шы маусым болатыны қисынды.
Театрдың көркемдік жетекшісі С.Сраил Ж.Шанин театрының 96-шы маусымашары 18-шы қыркүйек күні Ш.Айтматовтың «Ақ Кеме» драмасымен ашылатынын, ал 95 жылдық мерейтой 6-13 қараша күндері Орта Азия елдерінің IX халықаралық театрларының фестивалімен астасып атап өтілетінін хабарлады.
Шымкент қаласының Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ театрының шынайы тарихы жаңа қырынан ашылып, алдағы уақытта ұлт руханиятына зор үлесін қоса бермек. Өз көрерменін әрқашан жоғары сапалы қойылымдармен қуантып, классикалық және заманауи қазақ драматургиясының жауһарларын сахналап, ұлттық құндылықтарды дәріптей бермек. Шанин театрының қазақ өнері мен мәдениетін дамытудағы рөлі ерекше.
|
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ |
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы |