ҚАЗАҚ ТІЛІ ЭТНОСТАРДЫ БІРІКТІРУШІ РОЛЬ АТҚАРЫП КЕЛЕДІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан облысында қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі артып келе жатқанын да айта кеткеніміз жөн. Бұл бағытта облыстағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен облыс бойынша барлық аудан, қалаларда мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды. Жалпы, этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп-үйренуге деген талпыныс жоғары. Қазірдің өзінде облысымыздағы этнос өкілдерінің 92 пайызға жуығы қазақ тілін жетік біледі, құрмет тұтады.
Қоғамдық келісімді нығайтуда Алғыс айту күнінің маңызы жоғары. Биыл Алғыс айту күніне орай өңірімізде онкүндік іс-шаралар жоспары бекітіліп, әрбір қала, ауданда мерекенің мән-маңызын арттырған іс-шаралар өтті. Мереке аясында облыстық 17 аудан, қаладағы білім беру мекемелерінде, яғни мектептерде, колледждерде «Тарих ғибраты» тақырыбында 23 «дөңгелек үстел» және барлық аудан, қалаларда «Алғыс айту – парызым!» тақырыбында мектеп оқушыларының арасында эссе жазу байқауы өткізілді. 25 ақпан мен 1 наурыз аралығында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы аясында «Қоржын» тақырыбымен қайырымдылық шаралары өткізілді. Бұл ретте, аудан, қалаларда 789 отбасыға құны 9 млн 205 800 теңгенің азық-түлік себеті үлестіріліп, басқа да көмектер көрсетілді. Алғыс айту күні Түркістан қаласында «Халықтың алғысы – Ұлы марапат» атты облыстық деңгейдегі мерекелік іс-шарамен қорытындыланып, онда әр саладағы еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.
Түркістан облысы – бірлік пен татулықтың ордасына айналған өңір. Қыран бүркіттей қайта түлеген Түркістан шаһарында бүгінгі таңда «Достық үйі» ғимаратының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Президент тапсырмасына сай салынып жатқан заманауи ғимарат биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.