ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ КЕЗІНДЕ ТАБЫЛҒАН ҚАРАХАН КЕЗЕҢІНІҢ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР КЕШЕНІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК-ның «Шым қала» тарихи-мәдени кешеніне «Шығыс» қақпасынан кіргенде бірінші туристік соқпақ ортағасырлардан жеткен тұрғын жайлардың орындарына апарады. Бұл кешен – Қарахан заманынан жеткен археологиялық нысан болып саналады.

Қарахан дәуіріндегі (ХІ-ХІІ ғасырлар) тұрғын үй кешені 2017 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылған. Тұрғын үй үш бөлме, екі дәлізден тұрады. Тұрғын үй дуалдары қам кірпіштен және пахсадан тұрғызылып салынған.

Бұл орта ғасырларға жататын кезеңдегі тұрғын үйлердің ауласында көп жағдайда күйдірілген кірпіштер төселген. Өйткені, әрбір үйдің ауласында ташнау-кәріз жүйесі болған. Ташнауға қалдық суларды төгіп отырған.

Тұрғын үйдің үш бөлмесі бар дедік. Оның біріншісі – ошағы мен сыпасы бар ас үй бөлмесі. Бұл бөлменің едені күйдірілген қызыл кірпішпен төселген. Қарахан дәуіріндегі күйген кірпіштің көлемі шаршы пішінді, 24х24 см, қалыңдығы 3-4 см болған. Бұл бөлмеде үй егелері тамақ пісірген және тамақтанған. Сыпа үстіндегі екі түрлі көлемдегі дастархан, бұл әрі стол және ыдыс қызметін атқарған. Табағында қамыр илеп, келесі бетінде қамыр жайған. Екінші бөлме, бұл – жатын бөлме, бұл бөлмеде адамдар ұйықтап, тыныққан. Осы бөлмеде Г-тәріздес сыпасы бар, сыпаның астынан жүргізілген кеннің арқасында сыпаның беті жылы болған. Сыпа кереуеттің және отыратын орындықтың қызметін атқарған. Бөлменің ортасында жылжымалы ошақ-сандал орналасқан.

ХІ ғасырда Қазақстанның оңтүстік қалаларында ислам діні кеңінен тарады. Бірақ, жаңа дінмен қатар жаңа діни дәстүрлер келсе де, халықтың арасында, түрлі этникалық құрам арасында ескі түсінік пен ғұрып сақталып қала берді. Бұған дәлел – осы ошақ-сандалдардың археологиялық қазба жұмыстар кезінде табылуы.

Тұрғын жайдың ішінде тұрған ошақ-сандал шоқ салуға және ғұрыптық ас дайындауда от жағуға арналған. Ошақ пішімі және сәндік кейпі жағынан ерекшеленеді. Ошақтың ортасында қошқар мүйізді екі тіреуіші бар. Бұл тіреуішке қазан қойылып арнайы ас әзірленіп, жанған отқа адамдар салт-жоралғыларын, әдет-ғұрып ритуалдарын жасаған. Осындай ғұрыптардың осы күнге дейін сақталып келе жатқан жұрнағын, қазіргі таңдағы қазақтың «отқа май тамызу» сияқты дәстүрлерімен байланыстыруға болады.

Үшінші бөлме, бұл – азық-түлік сақтайтын қойма. Оның ішкі жағында тұрған ұяшықтар – археологтардың кәсіби тілінде «Закрома» деп аталады. Закромада бидай, ұн, жеміс-жидектер, көкөністер сақталған. Закрома орналасқан бөлмелерде жылу болмаған. Сондықтан, салқын температура ықпалымен астық жақсы сақталған. Закромада астық немесе көкөністер жинақы тұрған. Бұндай қойма бөлмелер ХХ ғасырға дейін кездеседі.

Сонымен қатар, археологиялық қазба жұмыстары кезінде осы (ХІ-ХІІ ғасырлар) дәуірге жататын көптеген сырланған керамикалық бұйымдар: хұмдар, легендер, кеселер, қазандар, майшамдар, ваза тәріздес құмыралар, дастархандар, моншақтар, теңгелер және тағы басқа көптеген жәдігерлер табылған. Табылған жәдігерлер қазіргі таңда камералдық өңделу үстінде (камералдық өңдеу дегеніміз – жапсыру, реставрациялау, құжаттау және өзге де жұмыстар). Өңделген жәдігерлер болашақта «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің экспозициясына қойылады.