Қазіргі заманғы терроризм мәні мен ерекшеліктері

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Экстремизм мен терроризм бүгінгі таңда ең өзекті мәселе болып отыр. Саясатта белгілі бір бағыт ретінде экстремизм радикалды көзқарастарды жүзеге асырудың түрлі әдістерін ұстанады. Ол мемлекеттің тұтастығына, қоғамның бірлігіне қатер төндіріп, зорлық-зомбылықпен, фанатизммен, өздерінің принциптерін қорғай алмайтынымен, ымыраға келмеуімен сипатталады. Өзінің қауіпті тәжірибесінде экстремизм терроризммен тығыз байланыста.

Ғасырлар тоғысында адамзат біріккен күшпен шешетін жалпы планетарлық мәселелер көбейе түсті. Терроризм барлық мемлекеттер мен халықтарға қауіп төндіретін жаһандық құбылысқа айналды. Халықаралық саяси лексикада ортақ терроризм атауымен аталған бұл құбылыс ерекше қатыгездігімен, тұтқиылдығымен, күйретушілдігімен әлем халықтарын қорқытатын құбылысқа айналғаны шындық. Қазақстандық қазақ тілді баспасөз терроризм әрекетін лаңкестік әрекет деп, «терроризм» ұғымын «лаңкестік» деген ұғыммен алмастырып жүр. Бірақ халықаралық саяси терминді терроризмді «лаңкестік» деп аударудың қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі, терроризм ұғымы өте күрделі, латентті табиғаты бар, көпжақты байланыстағы әлемдік құбылыс. Жеке бір елдің аймағында болатын құбылыстың халықаралық, тіптен әлемдік байланыстары күшейе түсуде. «Лаңкестік» ұғымымен «терроризмнің» жаһандық себептерін, тамырларын және байланыстарын түсіндіру қиын. Сонымен бірге радикалды саяси әрекет формасы ретінде терроризм мақсаты билікке әсер ету, билікті өзінің айтқанына көндіру. Сондықтан терроризм мен басқарушы биліктін қарым-қатынастары өте күрделі. Көп жағдайда терроризм басқарушы элитаға қарсы бағытталса, кейде басқарушы биліктің өзі терроризмнің құпия көзі, себебі болуы мүмкін.

Әлемдік саяси әдебиетте және публицистикада террорды латынның «terror» қорқу, шошу сөздерінен шығарады. Бұл ұғымды қорқыту саясаты, саяси қарсыластарды күш көрсету арқылы басып-жаныштау деген мағынада қабылдау басым. Шын мәнінде терроризм мақсаты күш көрсетіп қорқыту арқылы алға қойылған міндеттерді шешу. Осындай теориялық ұстанымды соңғы шыққан Ресейлік саяси сөздіктерден де байқаймыз. Зорлық арқылы жасалатын қылмыскерлік (өлтіру, ұшақтарды басып алу, кепілдікке алу) революциялық немесе экстремистік мотивте болады. Террористік актілерді билеуші саяси құрылысқа қарсы құпия қызмет ететін командос дайындайды, іске асырады. Оның көздегені биліктің әлсіздігін дәлелдеу немесе билікке қарсы қоғамдық пікір тудыру. Билікті түрлі бейберекет әрекеттерге ұрындыру арқылы құлату-деген анықтамамен де келісуге болады.

Терроризм себептерін үш аспектіден қарастыруға болады. Транснациональді қылмыстардың себептері – экономикалық, әлеуметтік, саяси және басқа да тәртіптер (билікке таласу, меншікке, нарық өтімінде, әсер ету ортасының шегі, әлеуметтік теңсіздік, информациялық қайта өңдіру, бақылауға алынбаған ресурс өзгерістері); Терроризм себептері – (экстремизм, негізгі саяси, идеологиялық, діни және басқа көзқарастар т.б.); Терроризмнің өршуі не бөлек террористік топтық актілердің (террористік ұйымдардың қалыптасуы, олардың жоғарғы әскери және басқа потенциалдары) себептері.

Заманауи терроризм мен экстремизм қоғам мен мемлекеттік қауіпсіздігіне белсенді түрде әсер ететін ауқыммен, әлеуетті арттырумен, террористтік және эксртемисттік топтар ықпалды саяси құрылымдарға айналумен, террористтер мен экстремисттердің іс-әрекеттерінің қатыгездігімен және т.б. нысандармен сипатталады. Терроризм, экстремизм және ұйымдастырылған қылмыс – бүкіл әлемдік қауымдастық үшін аса қауіп-қатер ретінде саналады. Терроризмге және экстремизмге қарсы тұру – бұл әлемде құқық пен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бағыты. Тіркелген қылмыстардың жалпы санының террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстардың шамалы бөлігі болып табылатындығына қарамастан, олар қоғамның, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының теріс реакциясын тудырады. Терроризмге және экстремизмге қарсы тұру – бұл әлемде құқық пен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бағыты.

Қазіргі таңда, осы терроризм мен экстремизмнің көрінісі мемлекетіміздің ғана емес, бүкіл әлемдік өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Жастарымыз дәстүрлі емес діни ағымдардың қырларын білмегендіктен сол ұйымдарға бет бұрып кетеді.

Жастардың діни көзқарасы әлі де өзекті мәселе болып табылады және жүйелі талдауды қажет етеді. Әр түрлі себептермен дәстүрлі дінді жоққа шығаратын адамның көзқарастарына негізделген жастардың діни ізденісі ХХ ғасырдың жалпы көрінісін табады. Жастарымыздың адамзаттық болмыстағы, әсіресе,  дін саласы сияқты нәзік саладағы құнды бағдарларын білу өте маңызды. Себебі, адамның жеке тұлға ретінде көбінесе жас жылдарында қалыптаса бастайды.

Қазақстан Республикасы ашық қоғам орнатып жатқандықтан әлемдік қайшылықтар мен қауіптерді басқа мемлекеттермен бірге қабылдайды. Сол себепті, терроризмнің әлемдік құбылыс ретіндегі табиғатын түсіну, оның салдарларын білу, іске асырылу формаларымен, әдістерімен таныс болу тағдырлық маңызға ие.

 

 

Түркістан облысы дін істері

басқармасы «Дін мәселелер

зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                              Б.Абдрахман