ҚАЗІРГІ ШЫМКЕНТ АУМАҒЫНДА 30-ДАН АСТАМ КӨНЕ ҚАЛАЖҰРТТАР МЕН МЕКЕНЖҰРТТАР БАР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының өткен тарихының парақтарынан мәлімет бөлісіп, тарихи орындары мен археологиялық және сәулет ескерткіштерін таныстырып жүргенімізге біршама уақыт болып қалды. Көзі қарақты оқырманымыз біледі, сандаған ғасырлардан аман жетіп, бүгінгі ұрпақ қолымен бұзылып жатқан тарих ескерткіштері жайында да ұдайы мәселе көтеріп келеміз. Мысалы, 2 мың жылдық тарихы бар Қаратөбе мен «Тұран» шағынауданындағы қалажұрт мұраларының қопарылып, тарихи топырағы тоналып жатқаны жайында «Қаратөбеге назар аударсақ», «Тарихи топырағы тоналған «Тұран» дейтін материалдар жарық көрген болатын. Бұл мәселе әлі де маңызды екенін бүгін көз көріп жүр.

Шымкент қаласы еліміздегі ортағасырлық қалажұрттар (городище) мен мекенжұрттар (поселение) саны жағынан бірінші орында тұрған қала. Қазіргі мегаполис аумағында жүргізген экспедициямыздың нәтижесінде 30-дан астам қала орындары бар деп саналды (ол экспедициямыз және жаңадан ашылған археология ескерткіштері туралы алда арнайы бір еңбек шығарып, жеке-жеке тоқталатын боламыз). Мұндай мұра Алматы, Астана қалалары тұрмақ, ең көне қала саналатын Таразда да, Түркістанда да жоқ! «Бар» деп емес, «саналады» деуіміздің сыры да сол, олардың бірқатарының орны ғана қалып тұр ғой. Дәл осындай ескерткіштердің қай-қайсысы болса да қала тарихының бастау алатын қайнар көзі саналады. Өркениетті Батыстың ғалымдары осы отыз шақты қалажұрттың кез-келгенінің біреуі ғана өз қалаларында болса, әлпештеп, мақтан етіп тұрар еді-ау. Ал, Шымқалада біреу емес, отыз қайнар тұр! Қалай мақтансаң да, қалай рухтансаң да жарасатын-ақ факт!

Көне Шымкент қаласының ядросы – «Шым қала» тарихи-мәдени кешені ашылып, археологиялық ескерткіш «ашық аспан астындағы музейге» айналды. 2020 жылы «ТМД-ның мәдени астанасы» болып, біршама мәдени шаралар атұарылды. Шымкенттіктер мен қала қонақтарының міндетті түрде бас сұғатын көрікті жерлер қатары артты. Көне цитадель үсті тек қала биігінен тамашалайтын орын ғана емес, қала тарихынан сыр шертетін экспонаттар топтастырылған музейге айналды. Енді ЮНЕСКО деңгейіндегі ескерткіштер тізіміне ендіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жөнінде бір кездері Шымкент қаласының мәдениет саласын басқарған Х.Есенова ханым 2020 жылы «Понарама Шымкента» басылымына берген сұқбатында «Шымкент Цитаделі 2017 жылдан бері ЮНЕСКО-ның мұралар тізбесінің алдын-ала тізімінде қаралу үстінде. Халықаралық ұйымның Конвенциясына сәйкес, нысан алдын-ала тізімде кемінде үш жыл қаралады екен. Қазір қалажұрт ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұрасы статусын алу үшін эксперттерді тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл сараптама жұмысы бір рет қана атқарыла салатын іс емес, кезең-кезеңімен 2 жыл ішінде жүретін шаруа» деген екен.

Жөн. Бір қаладан жоқ дегенде бір нысан халықаралық маңызы бар ескерткіштер тізіміне еніп жатса, тек қаланың ғана емес, еліміздің де мақтанышы ғой. Бірақ, өзге тарихи-мәдени (археология, сәулет) ескерткіштері ше? Халықаралық, тіпті республикалық деңгейде статус алмай-ақ қойсын, жергілікті деңгейде назар аударылып отыр ма? Басқасын былай қойғанда, қарапайым ғана қорғау шаралары неге қаралмайды? Бір Цитадельді өсіреміз деп өзге 29 нысанды жер бетінен өшіруіміз керек пе?

Оқырманымызды қазіргі Шымкент қаласы аумағында орналасқан ортағасырлық қалажұрттары мен мекенжұрттарымен таныстыра отырып, шырайлы қаланың айналасы ежелден өркениет (қала) тарихы қалыптасқан өлке болғанын көрсеткіміз келген. Олай болса, Ұлы Жібек жолы бойында бой түзеген көне шаһарлар тізбегін қарай отырыңыз. Бұл жағынан Шымкент цитаделі (б.з.д. ІІІ-ІІ ғ.ғ. – б.з. ХІХ ғ.) мен Сайрам (Исфиджаб, IV-XVIII ғ.ғ.) шахристаны жайында мәлімет те, насихат та көп. Саяхатымызды тарих мамандары білгенмен, былайғы жұрт естімеген өзге ескі қалалардан бастайық.

ҒАСЫРЛАРДАН ТОНАУСЫЗ ЖЕТКЕН ҚҰРЛЫҚ ҚАЛАЖҰРТЫ

Иә. Шымкент қаласында сонау есте жоқ ескі заманнан бүгінге тонаусыз жеткен қалажұрт болған. Ол – Құрлық (Хурлуг). Бұл көне қала «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің құрылысы басталған тұста жол құрылысы жүріп жатқан аймақтан табылып, бірден мамандардың назарын аударған болатын. ХІІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген қала археологтардың күрегі тигенше тоналмай жетіпті. Бұл құбылыс тарихшылар арасында әжептеуір таңданыс тудырған. Олай болу себебі, бір жағынан жергілікті тұрғындардың «Мазараттөбе» деп атап, қасиетті орын санағаны болса, екінші жағынан жазба әдебиеттерде кездесетін ортағасырлық Құрлық қаласының орны мамандар нақты болжанбаған еді. Яғни, Құрлықтың табылуы тарихшылар үшін мүлде күтпеген тосынсыйдай болды. Сондықтан да болар, археологиялық ескерткіштерді тізбектеп жазуға ұқыпты саналған Кеңес заманы ғалымдарының еңбектерінен бұл шаһар орны туралы бірде-бір дерек жоқ.

Спутниктік картадан қарар болсаңыз, Құрлық қалажұрты стратегиялық маңызы мол орынға жайғасқан. Қытайдан ағылған сауда керуендері Тараздан Құлан асуы арқылы асып, қазіргі Шарафкент маңында 2 тарауға: Сайрам мен Түркістан тараптарына бөлінсе, соның бірі осы Құрлық арқылы Сыр бойындағы қалаларына бағыт алған. Бүгін де анық көрініп тұратын көне жол сүлдерін қарар болсаңыз, Құрлық кенті тек батыс пен шығысты ғана жағайтын бекет қана емес, оңтүстік пен солтүстікті де байланыстырғаны байқалады. Қазығұрттан асып түсетін сауда жолы Шымкент тұсынан бұрылып, қазіргі «Тұран» шағынауданындағы ортағасырлық мекенжұрт арқылы Құрлық, одан ары Қарабұлақ, Қаратау бағытына бет алуға болады.

Осындай сауда-экономикалық қатынасы өркендеген сауда жолдарының түйскен жерінде орналасқан Құрлық қаласы дамымай қоймады. Бекінісі мығымдалып, қолөнершілігі де қатар қарыштады. Ағысы арындаған Сайрамсу мен Ақсу өзендерінен арнайы жасанды арна қазып, Қызылсу өзенінің ескі арнасын ағынсумен толтырып отырған, егіншілігі де қоса дамыды. Мұның бәрі археологтардың тапқан жәдігерлерінен белгілі болып отыр. Өрнекті, сырлы крамика бұйымдары, дән сақтаған құмыралар соның дәлелі.

Өз заманының сауда және әкімшілік орталығы ХVІІ ғасырдағы қазақ халқының басынан өткерген, құйындай соққан «Ақтабан шұбырынды» заманында өмір сүруін тоқтатыпты. Жаудан бас сауғалаған қала тұрғындары бір заматта көне шаһарды тастап, «Қаратаудан көшкен» көшпен бірге Алқакөл жолымен Жиделі-Байсынға ауса керек. Содан кейін Құрлық қаласының қабырғасы сөтіліп, заман ағынымен мүжіліп, топырақ астында қалды. Қайта тұрып, еңсесі биіктемепті. Қала тұрғындары қайта айналып үйлерін жаңаламапты. Бүтін қала жер бетінен жойылып, ғасырлар қойнауына енді. Қаланың тоналмай бүгінге жетуінің бір сыры да сол ма екен?

Бір кездері Ұлы Жібек жолы өткен қала жанынан бүгінде заманауи сауда жолы өтеді. Қазіргі қалажұрттың дәл іргесінде жоғарыда аталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі сайрап жатыр. Ескерткіш үстін әлдебір кәсіпкерлер пайдалануға алып, қала үстін тегістеп, жүк көліктеріне арналған жолбойы қызмет орталығына айналдырыпты. Қаланың іргесі қаланған о бастағы миссиясы да сол, сауда керуеніне қызмет етуден басталса, бүгін де сол істі атқарып жатқаны таңдандырмай қоймайды екен. Дегенмен, Құрлық қалажұрты «ашық аспан астындағы» музейге айналса, кәрі тарих сабақ беретін тағылым орын болатын-ақ жөні бар ғой…

БАДАМ БОЙЫ ДА ТОЛҒАН КӨНЕ ҚОНЫС ОРЫНДАРЫ

Келесі саяхатымызды нысандардың орналасу жағына қарай географиялық ендікпен арнайы бір белдеу ретінде қарап, Бадам өзені бойындағы ескерткіштерге кезек берейік. Бадам өзені Шымкенттің күнгей жағынан ағып өтеді. Кеңес заманында қаладағы барлық дерлік өндірісіне су қажет ететін өнеркәсіп орындары осы өзен бойына шоғырландырылған. Сонау соғыс жылдары қорғасынымен аты шыққан қорғасын зауытынан бастап, фосфор зауыты да, әлі қарқынын үдетіп келе жатқан мұнай өңдеу зауыттарының бәрі осы өзеннің аңғарында.

Бадам бойы тек Кеңес заманынан ғана емес, тамыры терең талай тарихтан бермен талай дуды басынан кешірді. Мұнда біздің жыл санауымызға дейінгі ІІ-ші мың жылдықтарға кететін оба қорғандар мен қарауылтөбелер тізбегі де, егіншілігі мен саудасы қатар өркендеген қалажұрттар мен мекенжұрттар да көп. Өзеннің жоғарғы ағысынан бастап, төменге қарай Тоғыс, Жыланбұзған, Ниязбектөбе, Қарабастау, Жаңаталап, Алтынтөбе, Көкбұлақ қалалалары мен қоныстары деп кете бересіз.

Шымкенттің территориясы ұлғайған 2017 жылы өзге ескерткіштермен бірге Ниязбектөбе (VI-X ғ.ғ.) мекенжұрты да қала қарамағына өткен болатын. Бадам ауылының іргесінен орын тепкен бұл тарихи орынның да басына өзге археологиялық ескерткіштерге төнген «қадірсіздік» дейтін «қара бұлт» төніпті. Осы, неге біздің әкімшілік пен тұрғындар үшін өткен тарихтың көк тиындық құны жоқ-ей? Сандаған ғасырлардың уақыт призмасынан, тіпті кешегі «Жер, енді адамға табын!» деп жаппай тың игеріп, жер жыртқан Кеңес замынан аман өтіп келе жатқан тарихи ескерткіштер бүгінгі ұрпақ тұсында көз алдымызда құрып барады. Неге?!

Бадам өзенінің оң жағалауында, бастау көзіне жақын орналасқан Ниязбектөбе ескерткішінің бір бөлігі тұрғын жайға беріліп кетіпті. Ортағасырлық суландыру жүйесі, арық-атыздар, шаруашылық іздері байқалатын кішірек төбешіктер Бадам ауылы үйлерінің ауласында қалған. Мекенжұрттың тек цитаделі аумағы ғана дара тұрғандықтан қазірше бүтін.

Бірақ, осы заманғы тұрмыз және құрылыс қалдықтары тарихи орын айналасын толтырып тастапты. Ескерткіштің дәл іргесіндегі бастау көзі де бұл антропегендік бүлдіру процесінен кенде қалмапты. Мәшелердің ескі доңғалақтары, темір-бетонды материалдар, тұрмыстық техника сынықтары, құдай-ау, не жоқ мына жерде?

Өзін Қайрат деп таныстырған жылқышы жігіт ағасын сөзге тартып ек, «Бұл құрылыс қалдықтарын Сәкен Сейдәзімов деген кәсіпкер жігіт тастап жүр. Қой дегенімізге пысқырып та қарамайды. Басында темір-бетонды құрылыс қалдықтарын талқандап, ішіндегі арматуралар мен тас сынықтарын пайда санап бұзып жүруші ек. Қазір оны істейтін де ауыл баласы қалмады. Әне, сойдиып-сойдиып плиталар тұр ғой. Ол Сәкенге әкімшіліктің шамасы келмейді» -дейді. Расында бір кәсіпкерге қала басшылығының шамасы келмей ме, әлде тарихи орынның тағдыры олар үшін маңызды емес пе? Егер, бастау көзі мен арнасын, Ниязбек мекенжқртының айналасын тазалап, абаттандырып, көгалдандыра қалса, ауыл тұрғындарының демалыс орнына айналып шыға келер еді-ау. Тарихи орын да әдемі насихаттала түсер еді.

Тоғыс қалажұрты (XII-XVII ғ.ғ.) Бадам өзені аңғарының оң жақ жағалауында, Тоғыс өзенінің сол жағалауының биік қапталында орналасқан. Орын тепкен жеріне қарап-ақ, қорғанысы мықты қамал болғанын шамалауға болады. айналасындағы қыраттарда бірнеше қарауылтөбеден тұратын тізбек байқалады. Ұзындығы 100 метр, ені 60 метрден асатын, сопақша келген төбенің маңы ормен қоршалыпты. Ордың Тоғыс өзеніне қараған тұсы ағын сумен қазылып, биік жарға айналған. Осы кейіпінің өзімен-ақ, ортағасырлық әскер тұрмақ, бүгінгі қару-жарақпен де мына қамалды алу қиын-ау деп шамалайсың. Бүгінде қалажұрт үстіне осызаманғы мола жайғасқан.

ТАРИХИ ОРЫНДАР ҮСТІНДЕ ОСЫЗАМАНҒЫ МАЗАРАТТАР КӨП ЖАЙҚАСҚАН

Шымкент қаласының қазіргі аумағында орналасқан археология нысандарының үстінде бүгінгі таңда осызаманғы мазараттар орнласқанын жиі көреміз. Тоғыс қалажұрты (XII-XVII ғ.ғ.), Қасқадағы Патшалы оба (б.з.д. V-І ғ.ғ.), Байназартөбе мекенжұрты (VIII-ХІІІ ғ.ғ.), Қарабастау мекенжұрты (XII-XVII ғ.ғ.), Бадам мекенжұрты (VIII-ХІІІ ғ.ғ.) секілді ескерткіштердің үстіне адам жерленіп, мола болып кеткен. Ежелден жеткен қалажұрт үстін өткен ғасырдың Кеңес дәуірінен бергі уақыт ішінде адам жерлеп, моламен жауып келеді. Тоғыс қалажұртында да сол үрдіс жүрген. Жалпы, археологиялық ескерткіш үстіне зират жайғастыру үрдісі Кеңес дәуірінің дерті ме деймін. Өйткені, әрбір шаршы метрді егіс егуге пайдалануды мақсат еткен кеңестік өкімет өкілдері игеруге келмейтін осындай жерлерді мазарат учаскесіне берген секілді.

Алайда, археологиялық ескерткіш үстіне адам жерлеу үрдісінің де бір пайдасы бар екен. Бүгінгі жер сатқыш ниеті бұзық жергілікті әкімдік өкілдерінің әрекетінен тарихи орынды қорғаудың жалғыз тәсілі – осы мазар болып тұрғандай.

Былайша қарасаң, тарихи-мәдени мұраларды қорғау заңнамасы бар. Ол нормативті бұза қалсаң, жауапкершілікке тартатын әкімшілік және қылмыстық жауаптылық та бар. Бірақ, олардың ешқайсысы жұмыс істемейді, жергілікті органдар үшін әсері жоқ. Адамның ішкі құрылысында соқырішек деген мүше бар. Ол арнайы мүше болғанмен, оның атқаратын не қызметі жоқ. Бірақ, соқырішектің іші қоқысқа толса, адамның өзге мүшелері мен өміріне зиян келтіреді. Оны емдеу үшін ота жасап, кесіп алып тастау керек. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау заңнамасын осы соқырішекке қатты ұқсайды ма, қалай? Бар, қызмет істемейді, бірақ зияны орасан.

Алдағы уақытта Шымкент қаласының тарих және мәдениет ескерткіштерін жинақтайтын арнайы «Жинақ» шыққалы отыр. Бұл бұрын-соңды Шымкент қаласы аумағында атқарылмаған жұмыс. Қазіргі әкімдік басшылығының тарихи-мәдени ескерткіштерге көзқарасын көрсетсе керек. Бұл «Жинақ» шығар болса, тек археология ескерткіштері ғана емес, сәулет, монументтік өнер құрылыстары, киелі жерлер секілді тарих және мәдениет ескерткіштерін қамти отырып, жан-жақты түгендеу, паспорттау, қорғауға алу ісін жеңілдетеді дей аламыз. Сондықтан, қала басшылығының бұл ұстанымына, қадам алысына қуана әрі үмітпен қарап отырмыз.

 

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ