ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТАРҒА 1414 НӨМІРІНЕН КЕЛГЕН ҚҰПИЯ КОДТЫ БЕРІП, 1,2 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАРЖЫСЫНАН АЙРЫЛҒАН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгінгі 12-қараша күні Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары С.А.Құранбек бұқаралық ақпарат өкілдерінің басын қосып, «Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Лауазымды тұлға өзінің жасаған баяндамасында өткен аптаның ішінде тіркелген қылмыстық істер, оның ішінде интернет-алаяқтық әрекеттер жайына да тоқталып өтті.

Осы деректер туралы Сәрсен Абайұлының сөйлеген сөзінің ішінен сүзіп алып, сол қалпында оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Дәстүріміз бойынша қылмыстық істердің тіркелуі бойынша анықтама бере кетейін. Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде жалпы 184 іс тіркелген, оның алтауы сотқа жолданды. Осы істердің ішінде 57 іс – алаяқтық бойынша, 43 іс – ұрлық бойынша, 10 іс – есірткінің заңсыз айналымыны қатысты іс болса, 9 іс – жол-көлік оқиғаларына байланысты болды.

Тіркелген алаяқтық қылмыстық істердің негізгі тәсілдері, сол – интернет-алаяқтық, оның саны 34 іс болған. Оның ішінде тауарлық жарнамаларды интернет ресурстарда жарнамалау әрекеттері – 15, инвестиция жасау арқылы ақша көбейту – 4 іс, банк қызметкерлері, байланыс операторлары, мемлекеттік қызметкерлер ретінде жалған қоңыраулар – 11 іс болған. Бұған қоса 1414 нөмірінен түскен құпия кодты сұратып алып (оны қалай беруге болады, мен білмеймін), 1 миллион 200 мың теңге қаражатын Л. деген азаматша басқа берудің шотына аударып берген.

Жалпы, кешегі күні естіген боларсыздар, жасанды интеллект осы банк саласына да келіп жатыр. Күні кеше ғана еліміздің Прокуратурасы 15 мыңға жуық дпропперлік шоттарды анықтады. Жұмыс атқарылып жатыр. Дегенменен, біздің халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі де көтерілуі керек. Осындай мәндегі дүниелер, фактілер күн сайын жүйелі түрде тіркеліп отыр.

Тұрғындарымызды интернет-алаяқтардың арбауынан сақ болуын, белгісіз адамдардың қоңырауларына сенбеуін, жолданған құпия кодты ешкімге бермеуін сұраймыз.

Сосын, айта кетейік, көшеден өту бойынша да айтарымыз бар. Жаяу жүргіншілер көшенің өтуге болмайтын жерінен кесіп өтіп кетіп жатады. Ол туралы қанша рет айттық. Бірақ, ендігісін білмеймін, жеткізе алмай-ақ қойдық. Осы жолы төрт адам рұқсат етілмеген жерден өтеміз деп тағы да қылмыстық істің тіркелуіне алып келді. Одан тыс, жылдамдықты арттырады, телефонға қарайды, рұқсат етілмеген жерден өтеді. Осының бәріне мұқият болу керек. Заңды сақтауымыз керек, тәртіпке бағынуымыз керек.

Велосипед, бала арбалары сияқты дүниелерді ұрлау да тоқтамай тұр. Күн сайын тіркеліп отыр. Сондықтан, мұндай заттарыңызды қараусыз қалдырмауларыңызды сұраймыз, – деп, Сәрсен Абайұлы тұрғындарды сақ болуға шақырды.