ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАЛАДА ТІРКЕЛГЕН ҚЫЛМЫСТЫҢ КӨП БӨЛІГІ ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚ ФАКТІЛЕРІ ЕКЕНІН АТАП ӨТТІ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Апта сайынғы әдетімен Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек «Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Осы жиын кезінде ресми өкілдің аузынан шыққан өткен апта ішінде қалада атқарылған қылмыстық әрекеттерге қарсы іс-шаралар легі туралы сөзіне құлақ түрдік.
Естіген деректерді сол күйінде сөзбе-сөз бере кетуді біз де дәстүрімізге сай назарыңызға ұсынсақ дейміз.
– Өткен апта көлемінде тергеу органдарының өндірісіне жалпы 175 іс тіркеліп, оның ішіндегі төртеуі сот органдарына жолданған. Жалпы, 175 қылмыстық істің ішіндегі алаяқтық фактісі бойынша 60 іс, ұрлық фактісі бойынша 42 іс, есірткінің заңсыз айналымына қатысты 10 іс және жол-көлік оқиғаларына байланысты 8 іс болып отыр.
Тіркелген 60 алаяқтық қылмыстық істің 38 ісі, яғни көп бөлігі интернет алаяқтық фактісі болып табылады. Мұндай интернет желісіндегі алаяқтық әрекеттер өте көп тіркеліп жатқанын айта кетуіміз керек. Интернет желілердегі тауарлық жарнамалар арқылы сату-сатып алу 18, инвестиция жасау арқылы ақша-қаражатын көбейту туралы жарнамалар 4, банк қызметкерлері, байланыс операторлары және мемлекеттік қызметкерлер ретінде жалған қоңыраулар жасау әрекеттері 12 және 4 іс несие ресімдеу туралы алаяқтық әрекеттер болып отыр.
Мұндай интернет алаяқтық қылмыстық фактілері өте көп екенін біз осыған дейін де айтқанбыз. Әр брифинг сайын тоқталып өтуге мәжбүр болып отырмыз. Өкінішке қарай, біздің халқымыз өте сенгіш. Осындай алаяқтарға жиі алданып қалып отырғандығын айтқымыз келеді. Осы тұрғыда, тұрғындарға барынша жеке дербес деректерін, банктік карталарын, олардың кодтарын бөгде ешкімге бермеуін, айтпауын сұраймын. Мұны сіздер арқылы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арқылы жеткізіп отыруды жөн санаймыз.
Пиротехникалық бұйымдар мәселесіне және қала көлемінде тіркеліп жатқан қылмыстарға қарсы атқарылып отырған жұмыстар ретіне тоқтала кетейік. Өздеріңіздер білесіздер, соңғы кездері қала аумағында түнгі уақытта пиротехникалық заттар өте көп атылатын болды. Отшашу қолдану арқылы тұрғындардың ұйқысын, адамдардың тыныштығын бұзу әрекеттері өте көп болып жатыр.
Осы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалалық полиция департаменті тарапынан бұл жайттың алдын алу үшін тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері 123 жеке тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылып, жиналталған іс-құжаттары сотқа жолданып, әрқайсысына жеке-дара 20 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (бұл 78 640 теңгені құрайды) айыппұл салына отырып, жалпы 9 672 720 теңге қаржы өндірілген екен. Бұдан бөлек, жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығын бұзу фактілері бойынша 4 675 тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 437-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, 66 473 820 теңге көлемінде айыппұл салынған. Яғни, бұл салада жұмыс атқарылып жатыр. Айыппұлдың көлемі де өте үлкен. Соған қарамастан, қаламызда тыныштық бұзу фактілері өте көптеп орын алып жатыр,-деп Сәрсен Абайұлы деректерге кеңінен тоқталып өтті.