ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ӨЗІНІҢ СЫРТЫНАН ӘРЕКЕТ ЕТЕТІН АЛАЯҚТАРДАН САҚТАНУҒА ШАҚЫРАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек мырза фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында өзінің атынан интернет алаяқтары әрекет жасай бастағаны туралы хабарлап, олардың құрбанына айналмас үшін сақ болуға шақырды. Лауазымды тұлғаның бөліскен мәліметінде өзінің атынан жазылған смс-хабарламаның скрин фотосуреті де бар. Ондай хабарламаның фейк екенін, жалған ақпарат екенін жеткізген.

Сәрсен Абайұлының бөліскен хабарламасын сөзбе-сөз келтіре кеткен жөн шығар. Хабарламада: «Құрметті желі қолданушылары!
Қазіргі таңда WhatsApp мессенджерінде менің атымнан хабарлама жіберіліп жатыр.
Бұл жалған! Мұны интернет алаяқтары жібереді. Сіздерден жалған ақпаратқа сеніп, бейтаныс нөмірге жауап бермеулеріңізді сұраймын. Сондай-ақ, күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер. Менің әлеуметтік желіде тек екі ресми аккаунтым бар, оның бірі инстаграм желісінде (сілтеме: https://www.instagram.com/sarsen_kuranbek?igsh=MTM5MXl3Z3diczZjag==), екіншісі фейсбук әлеуметтік желісінде (сілтеме: https://www.facebook.com/share/19u5gNwo5K/?mibextid=wwXIfr).

Мен барлық хабарламаларды тек жеке телефонымнан және ресми аккаунтымнан жіберемін. Егер сізге менің фотосуретім қойылған өзге нөмірден қоңырау немесе хабарлама келсе, оған мән бермеңіз. Сақ болуларыңызды және арандатушылыққа бой алдырмауларыңызды сұраймын.

Түсіністік танытқандарыңыз үшін рақмет! -дейді қала әкімінің орынбасары С.Құранбек мырза.

Осы орайда, скрин-фотосуреті салынып отырған смс-хабарламадағы мәтінді де толық берер болсақ, «Бақтияр Алтаевич, приветсвую! Это Куранбек Сарсен Абаевич, зам.акима города Шымкент. Я давал поручение Абдрахманову Арыстану связаться с вами, уводомить касательно ситуации. Он мне только что отзвонился, сказал вы там самодеятельностью намерены заниматься! Будьте добры, подъедьте в акимат к 10:00 часам, переговорим»,-деген сөз реті қозғалыпты.

Айта кетсек, Сәрсен Абайұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдындағы әр апта сайын сөйлейтін брифингінде өзінің атынан алаяқтардың әрекет ете бастағаны туралы бірнеше рет хабарлаған болатын. Ол туралы біздің порталда да ақпарат берілген еді. Енді оны өзінің жеке парақшасында да қайталап жұртшылықтың назарына қайта салып отыр.

Қазіргі интернет алаяқтық қылмысы уақыт санап өрши түскен сәтте мұндай ресми хабарламалардың көбірек салынып, жұртшылықты жиі ескертіп тұруы да орынды.

Көрнекі фотосурет С.Құранбек мырзаның фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды.