ҚАРАУЫЛДА ТАРИХИ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КӨРМЕ ҚОЙЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы Абай елінде кеңінен аталып өткені белгілі. Бұл тойға Шымкент қаласының да тартуы көпшілік көңілінен шығып жатыр. Шымкент қаласының музейлер бірлестігінің Қарауылдағы салтанатты шараға жеткізген «Шежірелі Шымкент» тарихи-этнографиялық көрмесі 6-10 тамыз аралығында келушілер назарына ұсынылды.

Көрмеге Шымкент қаласы аумағынан табылған тарихи жәдігерлер, археологиялық заттардан бастап, этнографиялық және мәдени құндылығы бар мұралар қойылған. Сондай-ақ, үшінші мегаполистің көрікті орындарына айналған Абай саябағы, Абай ескерткіші және «Хәкім Абай» музейінің макеті де ерекше екпін берілген. Оған қоса, Абайтану ғылымын дамытуда өзіндік орны бар М.Мырзахметұлының қолданған заттары мен кітаптары да келушілердің назарын аударды. Бұл туралы жас абайтанушы Ә.Исабек былай дейді:

– Мекемтас атамыз біздің ұстазымыз болды. Ол кісі қазақ жеріндегі Абай ілімін ең терең зерттеген үш ғалымның бірі еді ғой. Ұстазымыздың жәдігерлерін келушілер назарына ұсына білген шымкенттік музейшілерге, олардың ізденімпаздығына алғыс білдіремін!

Көрме қойылған қазақы үйдің алды нағыз фотозонаға айналды. Олай болуының да өзіндік себебі бар. Ірі әріптер «ABAY» дейтін формадағы кітап сөрелері салтанатты шараға кедушілердің назарын еріксіз бұрды. Бұл кітап көрмесіне Шымкент қаласының кітаханалары Абай және көне Шымкент қаласына арналған кітаптарды топтаған еді.

Көрменің үшінші күні, 10-шы тамыз күні түс ауа көрме алаңқайында абайтанушылар А. Қалшабек пен Ә. Исабектің «Абай» кітабының тұсаукесері өтті. Шымкент қаласының делегациясы қатысқан тұсаукесерден соң кітап авторлары кітап жайлы мазмұндама беріп, қолтаңба қойылған кітаптарды естелікке үлестірді. Кітап тұсаукесеріне қатысқан А. Мырзазметов өзінің жылы тілегін айтып, «Абайтану» ілімінің дамуында бұл кітаптың алар өз үлесі барын алға тартты. Оған қоса, абайтану арқылы ұлттық жадымызды тірілтетін тетік, құрал ретінде арнайы ұлттық жоба қолға алынғанын қалайтынын да жасырмай   ортаға салды.

Шымкент қаласының музейлер бірлестігі жасақтаған «Шежірелі Шежіре» тарихи-этнографиялық көрмесі өз діттеген мақсатына жетті деп айтуға толық болады. Келушілер Шымкент қаласының тамыры мен тарихынан ғана мәлімет алып қоймай, Оңтүстік өңірдегі Абайтану ілімінің кең көлемді насихатталып,  дамып жатқанынан хабардар болды.

Осы тұста айта кететін жаңалық, осы Қарауылдағы «Абай» саябағында өткен «Жеті қазына» ұлттық фестивалінің «Сұлу әйел»  байқауында жүлделі І орынға Шымкент қаласы атынан қатысқан Ақмарал Құдайбергенова ие болып, 5 бас жылқыны иеленсе, «Ілім-білім» сайысында шымкенттік абайтанушы Әзімхан Исабек жүлделі орыннан көрінді.

 

С. Дүйсебай