ҚАРЖЫЛЫҚ АЛАЯҚТЫҚ: АГЕНТТІК ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАРАЖАТЫН ЗАҢСЫЗ ШЕШІП АЛУҒА КӨМЕКТЕСКЕН ТОПТАР АНЫҚТАЛҒАНЫН ХАБАРЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Қаржылық мониторинг агенттігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрауларына жауап ретінде @afm_rk телеграм арнасында маңызды ресми хабарлама жасады. Ресми хабарламада агенттік прокуратураның үйлестіруімен Атырау облысында ауқымды жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқаны айтылады. Атап айтқанда, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» қаражатты заңсыз шешіп алуға жәрдем көрсеткен 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкерленген.

Ол үшін ұйымдастырушылар жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы елдің әр өңірінде (Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа қалаларда) орналасқандай етіп 30-дан астам стоматологиялық клиникаларды пайдаланған. Шын мәнінде, бұл медицина ұйымдары тек қағаз жүзінде болған, халыққа ешқандай қызмет көрсетпеген. Олардың ғимараттары да, жабдықтары да, білікті қызметкерлері де болмаған. Клиникалардың басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі де жоқ. Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер азаматтардың алған қаражатынан 10%-дан 20%-ға дейін заңсыз сыйақы ұстап отырған.

Жиналған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қылмыстық топтар 226 «дропперді» пайдаланған. Жалпы, 200 миллиард теңгеден астам қаржы айналымнан шығарылған. Зейнетақы салымшыларының ақшасына күдіктілер жалпы құны 600 миллион теңгеден астам соманы құрайтын 15 қымбат автокөлік (оның ішінде Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade маркалы автокөліктер бар), сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған. Қылмыстық жолмен табылған мүлікті іздестіру жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта 59 тінту жұмысы жүргізіліп, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған.

Сонымен бірге, агенттіктің ресми хабарламасында қосымша мәлімет беріліп, тергеу барысында тек зейнетақы активтерін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетіні айтылған. Өзінің жинақталған зейнетақы қаражатын алған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Сондай-ақ, агенттіктің хабарламасында ұсталғандардың қорғану құқығы бұзылып жатыр деген мәліметтер шындыққа жанаспайтыны да хабарланып отыр. Барлық процессуалдық әрекеттер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Әр күдіктінің адвокаттарымен байланысы шектелмеген. Қаржы-мониторинг агенттігі қызметкерлерінің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда, адвокаттар мен күдіктілер сотқа немесе прокуратура органдарына шағымдана алады делінген ресми мәліметте.

Осыған байланысты, Қаржы-мониторинг агенттігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тексерілмеген деректерді жариялаудан бас тартып, тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырып отыр.