ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ АРНАЛҒАН FinIQ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДИКТАНТЫНА ШЫМКЕНТТІКТЕР БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСТЫ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
ҚР Қаржы мониторинг агенттігінің бастамасымен ел азаматтарының қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған FinIQ деп аталатын республикалық диктант өткізілді. Бұл шараға Шымкент қаласының тұрғындары да белсене атсалысты. Олардың қатарында біздің тілшілер де болды.
Қаржы мониторинг агенттігінің телеграм арнасының берген мәліметінше, диктантқа 3 милионнан астам азамат қатысқан. Олардың ішінде ең көпшілік қауымды тарта алған өңірлер ішінде Шымкент және Астана қалалары, Түркістан облысының аттары аталған. Барлығы 20 сұрақтан тұратын тест сауалдарына жауап беру үшін онлайн түрде amlacademy.kz платформасында бар болғаны 15-20 минут ішінде кез-келген құрылғыдан тапсыруға мүмкіндік жасалған.
FinIQ – бұл, алаяқтық схемалардан қорғану үшін қаржылық ойлау мен дағдыларды дамытуға арналған интерактивті IQ тесті саналады. Диктант 20 қазанға дейін жалғасты. Барлық қатысушыларға дипломдар мен сертификаттар беріледі. Тесттің 20 сұрағының 16 және одан көп дұрыс жауап берген азаматтар цифрлық дипломмен марапатталса, қалғандары арнайы сертификатқа ие болды. Үздік шыққандар жоба ұйымдастырушылары мен серіктестерінен бағалы сыйлықтар алды.
«Тест 20 сұрақтан тұрады, оның ішінде «дроппер деген кімдер?» және «қаржы пирамидасын қалай тануға болады?» деген сияқты қарапайым сұрақтардан бастап, жеке деректер, банк өнімдері және қауіпсіз онлайн төлемдер бойынша кейс-стадилерге дейінгі түсініктер бар», – деп хабарлады Қаржы мониторинг агенттігі.
Іс-шара барысында қатысушыларға халықтың қаржылық сауаттылығы мен мәдениетін арттыруға бағытталған қаржы пирамидалары мен алаяқтардың тұзағына түспеу жолдары және азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және құқықтық-қаржылық мәдениетті қалыптастыру түсіндірілді. Диктантқа мектеп оқушылары мен колледж студенттері, педагогтар, мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері, қаржы саласының мамандары, сондай-ақ қаржылық сауаттылығын арттырғысы келетін кез келген азамат қатыса алды.
ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан:
– FinIQ жобасы қоғамның қаржылық сауаттылыққа деген жоғары қызығушылығын көрсетті және бұл бағытты үйренудің тартымды әрі қолжетімді бола алатынын дәлелдеді. Қаржылық диктант жыл сайын өткізіліп, қазақстандықтардың қаржылық қауіпсіздік саласындағы білімін арттыруға бағытталған дәстүрге айналмақ, – дейді.
Диктанттың басты мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтық пен цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне назар аудару, сондай-ақ қаржылық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.