Қаржы алаяқтарына алданбаңыз: ҚАРЖЫ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Жалпы, қаржы саласына қатысты интернет-алаяқтық іс-әрекеттердің көп бөлігі екінші деңгейлі банктер мен микронесие ұйымдарының несиелендіру және несие мерзімін ұзарту операцияларына қатысты орын алып жататыны белгілі. Әсіресе, мұндай «несие пайызын төмендетіп беремін» немесе «несие мерзімін ұзартып беремін» деп тұрғындарды тұзағына түсіріп жататын алаяқтар Шымкент қаласының банктері мен ХҚКО айналасында жиі кездесіп жатады.
Осы банк операцияларына байланысты бір өзгеріс туралы жаңалықты бөлісуді жөн санадық. Енді қыркүйек айынан бастап, несиесін мерзімінен бұрын жапқан қазақстандықтарға банктердің айыппұл сала алмайтын болды. Бұдан былай Шымкент қаласының банктеріне бара қалсаңыз, «несие мерзімін уақытынан бұрын жауып беремін, ақысына мынанша пайызын беріңіз» дейтін алаяқтардан қашық жүретін боласыз.
Бұған дейін банктердің несиесін ерте жауып, пайыздан түсетін пайдадан құр қалдырған клиенттерге айыппұл салуға құқығы бар болатын. Енді 1 қыркүйектен бастап берешегін төлейтін мерзімінен бұрын құтылған азаматтар ешқандай комиссия төлемейтін болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту органдарының мамандары ақпарат бөліскен.
Енді осы тақырыпты тереңірек түсіндіре кетсек. Осы уақытқа дейін бір жылға рәсімделген несиені алты айда, одан көп мерзімге жоспарланған қарызды бір-ақ жыл көлемі ішінде өтеп біткен азаматтар банкке айыппұл төлеп келген еді. Бірақ, биылғы күзден бастап жаңа заң күшіне еніп, қарапайым азаматтар мұндай комиссиядан толық босатылмақ. Оталған заң талаптарына сәйкес, қазақстандықтар несиенің негізгі қарызын қалаған уақытында, ешқандай комиссиясыз қайтара алатын болды.
Осы тұста айта кетсек, азаматтар несиесін мерзімінен бұрын жабар болса, банкке түсетін кіріс те қысқаратыны белгілі.
«Комиссия мен айыппұлын банктер енді тек заңды тұлғаларға қолдана алады. Бұл тәртіп тұтынушылардың құқығын күшейту үшін енгізілді. Яғни, енді қарапайым азаматтар қарыз болған мерзімі үшін ғана төлейді. Ерте өтегені үшін олардан комиссия ұсталмайды», – дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің бас маманы Дмитрий Акмаев.
Қаржы саласындағы алаяқтықтан қатты жәбір көріп отырған еліміздің азаматтарын осы бір маңызды ақпаратты бөлісе отырып, құлақтандырсақ деп едік. Өйткені, алдағы уақытта «несиені мерзімінен бұрын өсімпұлсыз және айыппұлсыз жауып беремін» деп мазалайтын, әрі тәтті үміт сыйлайтын алаяқтар шығатыны түсінікті болар. Ешбір көмекшісіз өзіңіз-ақ атқара алатын шаруаны біреуге алданып, қосымша шығындарға батып жүрмеңіз деп ескерткіміз келеді.
Егер, қандай да несиеңіз болып, оны мерзімінен бұрын жабуды көздесеңіз, онда сол несиені алған банктің қызметіне жүгініп, операторларынан қажетті ақпарат алғаныңыз жөн деп кеңес береміз. Өз ісіңізге өзіңіз пысық болғайсыз.