Қаржы алаяқтығынан қорғанудың тағы бір тетігі: ЕНДІ БАНКОМАТТАН АҚШАНЫ КАРТА ИЕСІ ҒАНА ШЕШЕ АЛАДЫ
- Шымкент қаласы, Абай ауданы
Еліміздегі Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізілгені туралы бұған дейін де айтып едік. Дропперлік әрекеттерден қорғану үшін азаматтар өзінің банк карталары мен есеп-шоттарын басқа біреуге пайдалануға бермеу үшін аталған кодекске 232-1 бап енгізіліп отыр. Бұл заңдық тетік ел азаматтарына нендей пайдасы мен кедергісі бар?
Шымкент қаласында тұратын Жиенбай Ысқақов деген азамат зейнеткерлік жасында, әрі мүгедектігіне қатысты ай сайын алатын әлеуметтік төлемдері бар. Өзі Шымкент қаласының шеткі аудандарының бірі Ақжар тұрғын алабында тұрады. Бұған дейін ол ай сайын түсетін зейнетақысы мен әлеуметтік төлемдерін шешіп алу үшін немерелері мен келіндерін жұмсап, қаланың орталығындағы банкоматтардан алдырып ала беретін. Енді, жаңа заңдық талаптар күшіне енгелі мұндай жұмсап жібере салатын мүмкіндіктері тыйыла бастағанын айтады. Енді тек зейнетақысы келіп түсетін «Халық банк» қосымшасынан өзі де жиі пайдаланатын Kaspi bank қосымшасына аударып алу арқылы ақшасын кәдесіне жаратып отырмын дейді ақсақал.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, енді банкоматтардан ақша шешіп алу процесінде тек немере-келіндер ғана емес, заңды жұбайларға да қаржылық көмек көрсетілмейді. Шенеунік жаңа ережелер қаражатқа рұқсатсыз қол жеткізу қаупін азайтып, банк клиенттерін даулы төлемдерден қорғайтынына сенімді болып отыр.
– Бұл процесс банк картасын пайдалану және картаны сол адам ғана пайдаланып жатқанын тексеру талаптарының қатаңдауына байланысты болып отыр. Жалпы, төлем картасын карта берілген адам пайдаланып жатқанын тексеру жұмысы дұрыс деп ойлаймын, – дейді М.Әбілқасымова.
Ал, Полиция департаменті банк картасымен – жасалатын алаяқтық жылдан-жылға азаймай отырғанын хабарлайды. Жаңа ережелер алданған және қоғамға сенімсіз азаматтардың санын азайтуы мүмкін дейді мамандар.
– Шымкент қаласында биылғы соңғы сегіз айдың ішінде интернет-алаяқтыққа қатысты 432 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Олардың ішінде барлық істерге дерлік дропперліктің қатысы бар. Енді Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1-бабы үшінші тұлғаларға банктік деректемелерін бөліскені, сондай-ақ материалдық өтемақы немесе мүліктік пайда алу үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тарап үшін немесе үшінші тарапқа төлемдер немесе ақша аударымдарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізіп отыр. Алаяқтар ортақ деректерді қылмыстық жолмен алынған қаражатты алу немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көбінесе, жәбірленушілер қылмысқа сыбайлас болып бара жатқанын өздері де түсінбейді, – дейді Шымкент қаласы полиция департаментінің киберқылмыспен күрес бөлімінің жедел уәкілі Сұлтан Қабыл.