ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІ ҚАРЖЫ АЛАЯҚТЫҚ ФАКТІЛЕРІ БОЙЫНША АҚПАРАТ БӨЛІСТІ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі өзінің ресми @afm_rk телеграм каналында жүктілік және босану бойынша жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмек түріндегі әлеуметтік төлемдердің заңсыз тағайындалу арқылы жасалған қаржылық алаяқтық фактілері анықтағанын бөлісті. Дерек көзінің мәліметінше, жалпы, 2024–2025 жылдар аралығында агенттіктің өндірісінде 1,2 миллиард теңге көлеміндегі залалмен 13 сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.
Жалпы, жыл басынан бері жүктілік және босану бойынша жәрдемақыларды заңсыз тағайындау деректері бойынша 10 іс тергеліп, олардың заңсыз схемаларды ұйымдастырған 15 адам жауапқа тартылып отыр. Жалған жұмыспен қамту арқылы 385 жүкті әйелге шындыққа сай келмейтін мәліметтер негізінде жәрдемақы тағайындалып, бұл мемлекетке 1 миллиард теңгеден астам шығын келтіріпті.
Мысалы, Ақтөбе облысында Үмірбекова мен Баймұрзаева 70 жүкті әйелді 29 жеке кәсіпкерлікке жалған түрде жұмысқа орналастырып, 487 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Мұндай мысал Шымкент қаласынан да тіркелген. Шымкент қаласынан Дүйсенова деген азаматша осыған ұқсас қылмыс жасап, мемлекетке 98 миллион теңге залал келтіргені үшін 5 жылға сотталды. Анықталған барлық істерде қылмыстың жасалу тәсілі бірдей болған.
Қаскүнемдер жүкті әйелдерді арнайы құрылған жеке кәсіпкерліктерге жалған жұмысқа орналастырып, өткен күнмен ең жоғары әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын рәсімдеген. Осылайша, олар техникалық тұрғыдан көтеріңкі төлемдер алуға негіз жасаған.
Сондай-ақ, Атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша да 15 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің лауазымды тұлғаларына қатысты 3 сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұрлау схемасы бас бухгалтердің сенімді тұлғаларды әлеуметтік көмек алушылар тізіміне енгізуінен тұрған. Бұл адамдар әлеуметтік осал топқа жатпаған. Осы деректер негізінде төлем тапсырмалары рәсімделіп, басшылықпен бекітілгеннен кейін қаражат жалған тұлғалардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылып, сыбайластар арасында бөлініп отырған.
Осы тұста айта кететін нәрсе, мұндай қаржылық алаяқтық әрекеттердің алыдын алатын жаңа жүйе іске қосылған. 2023 жылдан бастап құжаттарды рәсімдеу мен әлеуметтік осал топ мәртебесін eGov порталы арқылы алу процесінің цифрландырылуының арқасында мұндай алаяқтықтарға жол берілмейтін болды.
Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды, сондай-ақ қылмыстардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою мақсатында Агенттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті ұсыныстар жолдады. Атап айтқанда, қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізілді: жәрдемақыларды тағайындау кезінде енді «өткен» күнмен төленген зейнетақы жарналары ескерілмейді.
Агенттік берген ақпарат көзінде мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау жұмыстары жалғасып жатқаны атап көрсетілген.