ҚАРЖЫ САЛАСЫНДАҒЫ АЛАЯҚТЫҚТАН ҚОРҒАЙТЫН ТАҒЫ БІР ЖҮЙЕ ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгінгі өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек интернет-алаяқтық тақырыбына тағы бір мәрте тоқталып өтті. Ол өз сөзінде қаржы саласындағы алаяқтыққа тап болған азаматтардың үлкен көлемдегі ақша сомасын сеніп қалай аударып бергендерін өздері де сол сәтте түсінбей қалатынын тілге тиек еткен болатын.

Тек Сәрсен Абайұлы ғана емес, өзіміз де алаяқтардан зардап шеккен азаматтармен сөйлескенімізде сол мәндес сөздерін естігеніміз бар. Өз қаржысын тұтқаның арғы жағынан диктовка жасап тұрған кісінің айтқан нөміріне қалай аударып бергенін аңдамай қалып, соңында сан соғып қалғанын бір-ақ білгенін жаны күйзеле әңгімелегенде өзіңіз де қиналып кетесіз. Демек, алаяқтардың телефон арқылы сөйлесу кезінде тұзаққа түскен құрбанын сөзбен ұйытып әкететін гипноздық қасиетті шебер меңгергенін аңғартса керек.

Мұндай қаржы алаяқтарынан сақтанатын жол бар ма? Тым болмаса, ірі көлемдегі қаржы аударымын тексеретін, сүзгілейтін жүйелер іске қосылса, санын соғып қалатын зардап шегушілердің аз да болса қаражатын да, қатарын да азайтар еді-ау. Осы үміт бүгінгі Үкімет отырысындағы Қаржы мониторинг агенттігі тарапынан айтылған ұсыныс кезінде маздай жана түсті.

Енді 500 мың теңгеден астам ақша аударғандар жеке сәйкестендіру номерін енгізуге міндеттелуі мүмкін. Бүгін Үкімет отырысында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, енді банк картасына аударатын қаражат 500 мың теңгеден асқан жағдайда жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі керек. Бұл қадам қаржы операцияларының ашықтығы мен қауіпсіздігі үшін қолға алынбақ.

Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап банктер банкоматтардың бейнебақылау камераларындағы жазбаларды 180 күн сақтауға міндеттеледі. Бұл күмәнді ақша аударымдарын жасайтын тұлғаларды тез анықтауға мүмкіндік береді дейді құзырлы орган өкілдері.

Сондай-ақ, Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары онлайн-казиноны жарнамалайтын блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.

– Көп жазылушысы бар блогерлер арасында онлайн казиноны жарнамалау кең тарауда. Қоғамда құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Бұл үшін нақты жауапкершіліктің болмауы жағдайды қиындатып отыр. Әкімшілік айыппұл жарнамадан түскен табысына мүлде сәйкес келмейді. Сондықтан, онлайн-казиноны жарнамалайтын блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынамын, – дейді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов.