ҚАРЖЫ САЛАСЫ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙ, БАСҚА САЛАНЫҢ ДА СӨЙЛЕУІ ҚИЫН

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайын тілге тиек етпеген, мәселесі жайлы қолына қалам алмаған кісі қазақ елінде екен-саяқ шығар. Тіпті, әр сайлау қарсаңында қазақтілді электораттың назарын аударушы тұрақты саяси құралғаа да айналып кететіні тағы бар…

Сөзді төтесінен бастар болсақ, мемлекеттік тіл – еліміздің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Оған тағы шұбарланған үстіне еселене түскен бояуларды қосыңыз. Еліміздің қазақылығы қоюлау Шымкенттің өзінде тіл мәселесі өзектілігінен түсе қоймады. Қазақ жерінің туристік әлеуеті, оның ішінде «гострономиялық туризм астанасы» саналатын Шымқаламызда сапалы тамақтанатын орындардың көптігі, сол арқылы сырттан келетін қонақтардың назарын еріксіз аударып, сан түрлі дәмнің иісімен-ақ еліте тартып алатын қасиетін айтыңыз. Қайбір күні сырттан келген сондай бір қонақтарды қаладағы дәмімен ерекшеленетін «Жеті тандыр» асханалар желісіне жол бастадық. Шымкентке келгесін шығыстың нағыз дәмінен татса екен дейсің. Сөйтіп, зыр жүгіре жеткен қазақы тақиялы даяшыға, «Мықты палауың мен қою шайыңнан жеткізші» дедік. Ал, әлгі сыртқы киімі қазақы болып көрінген даяшымыз «Ташкентский плов бар» деп біздің сөзімізді түзете қайта хабарлады. «Әй, айналайын қызым, біз қазір Астана, не Алматыда емес, өзіміздің қазақылығы басым Шымкенттеміз. «Палау» деп айта берші» деп онысын қызыл қаламмен баттита қайта түзедік. Сөйтсек, асхананың ас мәсізірде де, кейін ақша төлеген түбіртегінен тағы байқадық, қаржы ісіндегі чектерінде де орысша «плов» деп тұр екен. Әлі мектеп пен колледж қабырғасында оқитын жас қыз-жігіттердің келген қонаққа «плов» деп таныстыруының себебі де сол екен-ау. Мына жақтан қанша жерден біз секілділер жас даяшының аузынан шығатын сөз бен ас мәзірін қазақшалау туралы сөзіміздің ауада ілініп, ары қарай жетпей қалатын, керісінше, «палауды» «плов» деп түзете бұрмалай таныстыратын қызмет көрсету ісі бәрібір қазақшаланбай қала береді екен-ау. Бар мәселе – қаржылық-шаруашылық құжаттаманың қазақша сөйлемеуінде тұр екен ғой. Бұған өзгеріс енгізу қажеттігі туралы тұтынушы ретінде біз де ескерту бере кеттік. Дегенмен, «сол баяғы жартас» күйінде қала беретініне талас жоқ шығар. Ал, не істеу керек?

Барлық электронды жүйелерді мемлекеттік тілде жүргізу соншалық қиын емес. Қазір тіпті жасанды интеллект дейтін дүниенің қатты дамып кеткені сонша, қазақша іздеген нәрсеңді орыстілі түгілі, ағылшын, итальян, француз, араб, қытай, тіпті тәжік тілінен де қазақшалап беріп жатқан жоқ па? Анау қырғыздардың біздің жасанды интеллект саласындағы жетістіктерімізге қызыға да қызғана қарап отырғаны әдеуметтік желдіде қызу талқыланғаны есте. 2010-2015 жылдар аралығында біздің өзіміз де wikipedia.org ашық электронды энциклопедиясы мен жеріксеріктік google.com/maps картасын қазақшалауға атсалысқан азаматтардың қатарында болғанымыз бар. Ол үдеріс әлі де жайлап болса да жүріп жатыр. Одан басқа да көптеген қалыптастырылған ақпараттық базалар қазіргі біз сөз етіп отырған жасанды интеллект жобаларының іргетасына айналды.

Барлық мемлекеттік және жеке кәсіпорындардың бухгалтериялық құжат айналымы 1-С бағдарламасы арқылы әрине алғашқы енгізілген сәтте орысша жүргізілгенмен, қазіргі таңда қазақша есеп жүргізуге толық мүмкіндік береді. Қолымызға Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының тіл саясаты бойынша 2025 жылғы 6 ай ішінде атқарған жұмыстарының есебі тиді. Арнайы тексеріс жүргізіліп, соның нәтижесімен «І тоқсанның қорытындысымен шығыс құжат айналамындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдарда 94%-ды, оларға бағынысты мекемелерде 91,5%-ды құрап отыр» деп қорытындылайды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Мәдениет басқармасы қызметкерлерінің жүйелі жұмысына алғыс айтамыз. Осы тексеріс кезінде мынадай қызық дерек белгілі болыпты: «Жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Шымкент қаласының Цифрландыру басқармаларына арнайы тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде бухгалтерлік кейбір құжаттар тек орыс тілінде әзірленіп, Тіл туралы заңның 10-бабы өз деңгейінде орындалмай отыр» деп мәлімет береді. Бұл, қалалық әкімшілікке қарасты басқармалардың өздері Тіл туралы заңның талаптарын толық атқарып отырмағанын көрсетсе керек. Әлгі басқармалардың келтірген «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық құжаттардың бірқатар үлгілері автоматтандырылған есептік ақпараттық жүйелер – emin.fin.gov.kz, stat.gov.kz платформалары арқылы қалыптастырылатындығын, бұл процесте құжат нысаны мен тілдік параметрлер жүйелік деңгейде жасалады» деп келтірген дәйегі – тек қана сылтау екені айдан анық нәрсе емес пе? Біздің өзіміздің қаржы саласында қызмет еткен ондаған жыл еңбек өтіліміз болғандықтан, аталған мекемелердің берген жауабына тек күле қарауға болатын шығар. Басқа сыдырма жауап таппағаны да.

Жалпы, айтпағымыз түсінікті болар? Кішігірім бір асхананың қарапайым бухгалтериялық-қаржылық чектерінен бастап, жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы мемлекеттік басқармалардың қаржы-шаруашылық қолданысындағы электронды жүйелердің мемлекеттік тілге көшірілмеуі, есептерінің сол тілде қағаз бетінде хатталмауынан басталатын мәселелер тілдің қолданыс аясын шектеп отыр. Сырт көзге өте қарапайым секілді көрінгенмен, кішкентай ғана чектің тілінен басталатын қаржылық құжат айналымы ірі мәселелерді шешуге көмектесер еді. Деп ойлаймыз.

Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Тіл саясатына қатысты өз құзіреті шеңберінде жап-жақсы бастамаларды бастағанын, өзіндік ұстанымы қалыптасып, қаладағы біршама шаруаларды қолға алғанынан хабардар болдық. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын сапалы деңгейде арттыра түсу – тек аталған басқарманың ғана жұмысы болмауы керек. Оған барлық азамат өз деңгейінде қолдау білдіруі міндетті. Кәсіпкерлік нысандардың қызметі барысында мемлкеттік тілдің қолданыс деңгейін тексеру бұған дейін кәсіпкерлік саласындағы барлық тексеріске салынған моротоийге байланысты қиындау болғаны рас. Бұл өз кезеніде тіл саясатының да біршама ақсаңдауына әкелсе керек. Қазіргі таңда, сала мамандары прокуратура саласының қызметкерлерімен бірлесе жаңа бастаманы қолға алғанын жеткізді. Алдағы уақытта қалалық әкімшіліктің тіл саясаты саласында жақсы көрсеткіштерге жетеді деп сенемін.

 

 С.Дүйсебайұлы