ҚАУІПСІЗ ҚАЛАНЫҢ ТІРЕГІ – ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КЕЗДЕСУЛЕР ӨТІП ЖАТЫР

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Биылғы 2025 жылдың көлемінде Шымкент қаласында құқықтық мәдениетті арттыру мен қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында жүйелі ақпараттық және түсіндіру жұмыстары қарқын алып келеді. Бүгінгі қоғамда еліміздің азаматтарының заңды білуі ғана емес, оны күнделікті өмірде дұрыс қолдануы – ең алдымен қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі. Осы бағытта қала тұрғындарына арналған кездесулер, дәрістер және құқықтық кеңестер тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Сондай жиындардың бірі Еңбекші ауданында өткен кезекті кездесу «Полиция жаныңызда» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды. Оған аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Бейсенов және учаскелік инспекторлар қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындармен ашық диалог орнатып, өзекті мәселелерді дер кезінде анықтау және құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру арқылы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту.

Бас қосудың барысында полиция қызметкерлері қалада жиілеп кеткен алаяқтық түрлерін, әсіресе интернет алаяқтық пен қаржы пирамидаларының қауіптілігін түсіндірді. Құқық қорғау өкілдері онлайн-несие рәсімдеудегі қауіптерді, жалған инвестициялық жобаларға алданбау жолдарын нақты мысалдармен жеткізді. Сонымен қатар, жалған ақпарат таратудың заң алдындағы жауапкершілігі мен қоғамдағы тұрақтылыққа келтіретін зияны туралы кеңінен айтылды.

Жиын барысында тұрғындардың қойған сұрақтарының ішінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар, ойынқұмарлыққа бейімділік (лудомания) және суицидтің алдын алу мәселелері ерекше орын алды. Бұл бағыттар құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында екені атап өтіліп, ата-аналар мен педагогтерге балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте анықтау және құқықтық кеңес алу жолдары түсіндірілді.

Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру шаралары тек қана түсіндіру жұмыстарымен шектелмейтіні түсінікті. Бұл жолғы кездесуде учаскелік инспекторлармен байланыс орнатудың ыңғайлы тәсілдері, олардың байланыс нөмірлері және әлеуметтік желідегі ресми парақшалары таныстырылды. Бұл – азаматтардың құқық қорғау органдарына жедел жүгінуін және құқық бұзушылықтардың алдын алуын жеңілдететін маңызды қадам.

Аталғандармен қоса сонымен қатар, құқықтық мәдениетті нығайту мақсатында Шымкент қаласында «Заңды біл – қауіпсіз өмір сүр» атты тұрақты бағдарлама іске қосылған. Бағдарлама аясында мектептер мен колледждерде құқық негіздері, интернеттегі қауіпсіздік, киберқылмысқа қарсы тұру және отбасылық құқық тақырыптары бойынша интерактивті сабақтар өткізіліп жатыр.

Дәл осындай бас қосулар, кездесулер мен бағдарламалар тұрғындар мен полиция арасындағы өзара сенімді арттырып қана қоймай, қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға ықпал етеді. Себебі, құқықтық сауатты қоғамда әрбір азамат өз құқығын ғана емес, міндетін де түсінеді, ал бұл – тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізгі тірегі.

Үшінші мегаполистің тәжірибесі көрсеткендей, құқықтық сауаттылықты арттыру – бір реттік науқан емес, үздіксіз жүретін ұзақ мерзімді жұмыс. Бұл үдеріс тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның қатысуын талап етеді. Заңға құрметпен қарау, тәртіпті сақтау және өз құқығын қорғау мәдениетін қалыптастыру – тек азаматтардың құқығын қорғаушы ғана емес, қауіпсіз қаланың да іргетасы іспетті. Сондықтан, бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды.