ҚМА: 112 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТТЫ ҚҰРАМЫНА ТАРТҚАН 45 ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ ТАРАТЫЛЫП, АЛАЯҚТЫҚ ЖОБАЛАР МЕН ҚҰМАР ОЙЫНДАРҒА ҚАТЫСЫ БАР 31,5 МЫҢ САЙТ ПЕН СІЛТЕМЕ БҰҒАТТАЛҒАН
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Бұл ресми процесс туралы t.me/aqorda_resmi телеграм арнасы ақпарат бөлісіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттік қызметінің негізгі нәтижелері туралы есеп беріліп, ел азаматтарының қаржылық мүдделерінің қорғалуы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар және агенттіктің алдағы кезеңге арналған міндеттері таныстырылды. Агенттік төрағасы Жанат Элиманов ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндады.
Ж.Элимановтың сөзінше, Ведомство 24 миллиард теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған жалған компанияларды әшкерелеп, есірткі сатудан және алаяқтықтан түскен табыстарды жылыстатқан 20 заңсыз криптобиржа қызметін тоқтатқан. Сондай-ақ, ТМД аумағындағы ең ірі криптосервис жойылды. Ол 20 Darknet алаңымен жұмыс істеп, 200-ден астам «наркошопты» қамтыған. 9,7 миллион долларға тең виртуалды активтер бұғатталған.
Қаржылық мониторинг агенттігі биылғы 8 айдың қорытындысымен, 720 қылмыстық істі тергеуді аяқтап, 15 ұйымдасқан қылмыстық топты, соның ішінде 3 трансұлттық топты жойғаны жөнінде ақпарат берді. Бұдан бөлек, 17,1 миллиард теңге сомасындағы мұнай өнімдерін заңсыз шығару әрекеті тоқтатылып, заңсыз темекі өнімдерін дайындаған 2 жасырын цех және суррогат алкоголь өнімдерін өндіретін 16 цех әшкереленген. Көлеңкелі айналымнан 12 миллиард теңгеге бағаланған вейптер алынған.
Жалпы құны 164 миллиард теңге болатын 63 инфрақұрылымдық жобадағы бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуы және ауыл шаруашылығы саласындағы 11 миллиард теңгенің субсидияларын тиімсіз игеру деректері тоқтатылған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету қызметі арқылы 200 миллиард теңгені заңсыз шығару фактілері анықталып отыр.
Агенттік төрағасы Ж.Элиманов еліміздің азаматтарының қаржылық мүдделерін қорғау бағытында қабылданған шаралар туралы мәлімдеп өтті.
Бүгінгі таңға дейін заңсыз микронесие беру деректері бойынша 23 тергеу ісі басталған. Оның шығыны 71 миллиард теңгені құрайды. 300 мыңнан аса қарыз алушының берешегін қайтару және есептен шығару жұмысы жүргізіліп жатыр, 112 мыңнан астам азаматты құрамына тартқан 45 қаржы пирамидасы таратылып, алаяқтық жобалар мен құмар ойындарға қатысы бар 31,5 мың сайт пен сілтеме бұғатталған.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Ж.Элимановтың есебін тыңдап, ведомство қызметінің басты бағыттары бойынша бірқатар тапсырма берді.