Қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали: «АТҚАРУШЫ ОРГАНДАР МЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ БІЛІММЕН ҚАРУЛАНУЫ ТИІС»
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
Түркістан қаласында өткен «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық» тақырыбында өткен семинарда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды.
Жиынға Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали және осы институттың Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Түркістан облыстық департаментінің басқарма бастығы Арман Қожабаев, Түркістан облысы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Күмісхан Таңатов, Түркістан облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров қатысты.
Қала прокурорларының орынбасарлары, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаментінің аудандық, қалалық бөлімдерінің бастықтары, аудандық, қалалық Полиция бөлімдері бастықтарының орынбасарлары, аудан, қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ аудандық, қалалық филиалдарының басшылары да жиын басынан табылды.
Семинарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов жүргізіп отырды. Ол Түркістан облысында қоғамдық келісімді нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылғанына, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жоспарға сай міндетін орындап жатқанына тоқталды.
Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер Орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екеніне оқталып, бұл ретте атқарушы органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері біліммен қарулануы тиіс деді.