ҚОШҚАР АТА КЕСЕНЕСІ ЖӘНЕ ШИПАЛЫ БҰЛАҒЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Қазіргі қолданыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі заңнамада «киелі объектілер» дейтін түсінік ендірілген. Осыған орай, Шымкент қаласы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы сөз қозғағанымызда киелі жерлер географиясы нысандарын да қамтуға тырысамыз. Шымкенттің сакральді нысандарының басында қаланың түп-тамыры бастау алатын Қошқар ата тақырыбы да қатар өрбитіні бар. Олай болса, бұл тұрғыда алғашқы болып осы тақырыпты қаузау заңдылық болар.

Қошқар-Ата кесенесі – Шымкент қаласындағы Қошқар ата өзенінің сол жағасында  орналасқан. Кесене бір бөлмелі, төрт бұрышты, көлемі – 4 х 3,5 метр, биіктігі күмбезімен есептегенде – 4,3 метр. Кесене күйген қыштан тұрғызылған. Есігі солтүстік-шығысқа қараған. Төбесі төрт жақтама жабылып, ортасына диаметрі 2 метрлік күмбез қойылған. Кесене өзен жағасынан 2,5 метрдей биіктікте орналасқандықтан 12 баспалдақ арқылы көтеріліп барады. Ел арасындағы аңыз-әңгімелерде Қошқар-Ата ислам дінінің уағыздаушысы және ескі қаланың сауда орындарында мал және малдың терісімен сауда жасағандығы, білімді, өнегелі ортада жетіліп, әулиелік дәрежеге көтерілгендігі, сондықтан елі алдында абыройлы болып, қазылыққа сайланғандығы айтылады.

ҚОШҚАР АТА ТАҚЫРЫБЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫ

Қошқар ата кесенесінің алғашқысы ХХ ғасырдың басында салынса, екіншісі 1990-шы жылдары тұрғызылған. Қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қошқарата өзенінің сол жағалауында орналасқан.

Қошқарата өзенінің бұлақтары мен бастауын, табиғи және қалалық ландшафтты, әулиенің болжамды жерленген жерін және тікелей мемориалды құрылыс – кесенені қамтитын киелі жердің ұйымдастырушы бастамасы ретінде қызмет етеді. Халық санасында және кейбір басылымдарда Қошқарата жерленген жер автовокзал маңы болды деп санайды, онда көне мұсылмандар зираты болған. Алайда, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы жазбаша дереккөздерге, негізінен А.И. Макшеев пен М.А. Терентьев жариялаған карта-сызбаларға сүйене отырып Қошқар атаның жерленген жері Қошқарата өзенінің бастауы жанына локализацияланған. Шымкентке 1864 жылы қыркүйекте шабуыл жасалған қоршау жұмыстарының жоспар-схемасында кесене топографиялық бағдар ретінде қызмет атқарғаны көрсетілетіні тағы бар.

Кесененің тарихнамалық деректер базасы жоқ. Жазбаша дереккөздерде шымкенттік әулиенің аты кездеспейді. Ресейдің революцияға дейінгі баспасөзінде сирек кездесетін ескертулерді қоспағанда, революцияға дейінгі этнографтар мен фольклористердің еңбектерінде де атап өтілмеген. А.К. Гейнс 1866 жылғы 5-13 қыркүйектегі күнделік жазбасында (1898 жылы жарияланған) Қошқарата бұлағының бастауы туралы толық сипаттайды, бірақ әулиенің өзі туралы ештеңе айтпайды. «Қаланың барлық арықтары, – деп жазады ол, – өз бастауын Қошқарата өзенінен алады (қошқардың әкесі), өзен қырат астынан аққан мол бұлақтардан басталады. Бұлаққа жақын жерде әулие Қошқар атаның қабірі бар, оның тарихы туралы маған түсіндіріп ешкім айта алмады». А.И. Добросмыслов өте қысқаша сипаттаған 1-15 наурыз аралығындағы Қошқарата сейілі (көктем мерекесі) мерекесі, әрине, сол әулиеге табынумен байланысты. ХХ ғасырдың басынан бастап 1960-шы жылдарының ортасына дейін болған кесене ғимараты туралы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы ескерткіштің әртүрлі қырынан түсірілген екі фотосуретінде ең айқын түсінік беріледі. Суреттердің артында екі түрлі жазу бар. Біріншісінде «Қошқар ата кесенесі», екіншісінде «Дәруіш ата» деп жазылған. Әр түрлі уақытта табылған суреттер шатасуларға әкелді, соның ішінде осы жолдардың авторларын да жаңылыстырды. Басылымдардың бірінде Қошқар ата кесенесін біз «Дәруіш ата» (Байтанаев Б. А., Елгин Ю. А.) деген атпен сипаттадық, ол да Сайрамнан шыққан, XII ғасырда өмір сүрген Шымкент әулиесі саналады.

Қазіргі уақытта бұл агионимдерді нақтылау мәселесі алынып тасталды. Тарихи тұрғыдан Қошқар ата – Шымкент қаласының желеп-жебеушісі болды. Расында, оның культі малшы-қойшыларды желеп-жебеуші тотем бейнесінде сақталған. Ол бізге табиғи нысандарға табынудың жаңғырығын жеткізеді, бұл тұрғыда әулиемен аттас өзеннің суы әулиенің қатысуымен емдік қасиеттерге ие бола түскен. Табиғат күштерінен бастау алатын бұл ежелгі культ исламданған. Оған әулиенің сопылық ілімге қатысы бар екені туралы аңыз және исламның культтік сәулетінің канондық түрінде сақталған ХХ ғ. басындағы кесене куәлік береді. ХХ ғасырдың басында Қошқар ата культі Түркістан облысындағы осындай атаумен ұқсас (Қазығұрт, Бәйдібек, Созақ аудандары) аналогы бар киелі жерлерден ерекшеленейтін жергілікті сипат беріп, түпкілікті қалыптасты.

Шымкенттегі бұл әулие туралы ақпарат тек аңыздық сипатқа ие. Соның негізінде төмендегідей сурет түзіледі. Қошқар ата XII ғасырда өмір сүрген болса керек, өйткені аңыздар оны Қожа Ахмет Ясауидің замандастары мен шәкірттерінің қатарына жатқызады, ол оны ерекше құрметтейтін және оның шығармаларын мұқият зерттеген екен (Беркінбаев Е., Мирхалдаров М.). Қошқар ата табиғатынан дарынды ғалым болған. Бұхарада, Шам қаласында (орта ғасырдағы Дамаск) оқыған. Ол фиқһты (сөздің кең мағынасында ислам құқығын) жақсы білген. Ұзақ уақыт қазы болды (Мирхалдаров М.). Аңыз бойынша, ол қартайған шағында Қошқарата өзені суының құрамын мөлдір және емдік қасиеті бар суға айналдырады, оны ішу үшін сонау Түркістан қаласынан адамдар келетін. Аңыздардың бірі мұны осылай жеткізеді. Бірде Қошқар ата өзінің кіші туысына өзінің таяғын тапсырып, Түркістан қаласына бұлақ суын жеткізуді тапсырады. «Менің Хазіретім біздің шипалы судан ішіп, рахаттансын». Бұл ретте ол туысына Түркістанға барар жолында бірде-бір рет артына бұрылып қарамауын ескертеді. Алайда, ол жолдың бір бөлігін жүріп өткенде келісімді бұзып, артына бұрылып қараған сәтінде, артынан ілесіп ағып келе жатқан су сіңіп жоғалады. Халық бұл жерді «Су бұрылған» – «Сол жерде су сіңіп кеткен» деп атаған. Тапсырманы орындамаған хабаршы да сонда тұрақтап қалды (Беркінбаев Е., Мирхалдаров М.).

Қабір үстіндегі бастапқы құрылым жайлы деректер жоқ. Бұл бәлкім, XII ғасырда немесе одан кейініректе салынған төбесі ашық сағана түріндегі жерлеу орны болған шығар. Бізге белгілі кесене ғимараты ХХ ғасырдың басында тұрғызылған және революцияға дейінгі кезеңдегі Шымкент қаласының азғантай монументалды культтік құрылымдарының бірі болған. Біз 1960-шы жалдары фотосуреттен сипаттама береміз. Суретте цилиндрлі барабанға сфероконус пішінді күмбез орналасқан құрылымның тік призмалық көлемі көрсетілген. «Шалқан» типті аркаларды (XVI-XX ғасырлардағы Бұқара мен Ферғанаға тән) еске салатын ені негізгі көлемге тең кең жебе тәріздес арка арқылы ғимараттың қиырындағы порталға баса екпін берілген. Портал жарық шамдары бар екі мұнарамен қапталған. Олардың шамдары жалған және таза сәндік мақсатта орнатылғандықтан, оларды гүлдаста мұнаралары деп атаған дұрысырақ болар еді. Шымкенттегі кесенесінің пештақ порталының композициясы мен бөлшектері жағынан екі ауылдық кесененің порталдарына ұқсайды (Ферғана облысындағы Бустан-Бува және Бибі-Бувайда кесенелері, XV – XVI ғасырлар). 1990 жылдары сол кесене тұрған жерге жақын маңнан сәулеттік-көркемдік жағынан көз тарта қоймайтын басқа ғимарат салынды.

ҚАЗІРГІ ҚОШҚАР АТА КЕСЕНЕСІ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

Шымкент қаласы мен оның айналасындағы аумақта Қошқар ата атымен аталатын бірнеше сағана бар. Бірі –Шымкент қаласында, Қошқар ата өзені бойында, екіншісі – Бәйдібек ауданында, Қошқар ата ауылында, үшіншісі – Созақ ауданында, Қаратау қойнауындағы Қошқар ата өзені бойында, төртіншісі – Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылында, бесіншісі – Төлеби ауданы Кемеқалған әкімшілігінде орналасқан.

Әңгірата ауылының шығысында, Қазығұрттың бел ортасында. Аңызға құлақ түрсек, Қошқар ата негізінен XI ғасырда өмір сүрген делінеді. Қаратау өңірінде дүниеге келген. Жастайынан зеректігімен көзге түскен. Оны ата-анасы Бұқараға жеті жасында оқуға жібереді. Өзінің шын аты Қылыш болған деседі. Төртінші атасы Асқар деген асқан батыр адам болған екен. Сол «Сен енді арқадай бола алмассың, қошқардай бол» деп жанама ат қойған екен. Бұқарада он шақты жыл оқыпты. «Шымқаланың іргетасын ең алғаш көтерген –Қошқар ата екен» дейді аңыз. Көзі ашық, ілімді Қошқар ата осы өңірге қайтып келіп, мешіт медресе ашады. Мұхаммед пайғамбарды елге танытып, қалың бұқараның имани сауатын ашуға ат салысады. Он жыл осында тұрақтапты. Одан кейін ұстаздары улкен кісілерге, ілімді адамдарға дәріс беруге қайтадан Бұхараға шақырады. Бір жыл ғұламаларға ілім үйретеді. Діни тұрғыда еліне көп шапағаты тиеді. Алланың берген қасиетінің арқасынада көптеген бұлақтардың көзін ашып, жер-жерді суландырумен айналысқан. Қошқар ата өмірінің соңында Шымқалада өмір сүрген деседі. Қазақстанда Қошқар ата денесі жерленген деп 12-13 жерді атаса, Қазақстанның Оңтүстігінің өзінде басына сағана немесе кесене салынған бес жерді кездестірдік. Алайда, қазіргі таңда оның жерленген жерін тап басып анықтау мүмкін болмай тұр. Өйткені, оның әулие екенін білетін қарапайым жұртшылық бір елге барып, халықтың көзін ашып, ілім үйретіп, тұрақтаған жерін, ешкімге басқызбай қоршап қояды екен. Алдын шеңгел қоршаған, одан қышпен көтерген.

Жинақтаған аңыздар мен Мұхтар Анарбекұлының Қошқар ата жөніндегі дерегіне қарағанда, Қошқар ата жеті ағайынды болған. Олардың ішінде Ақтон ата, Бекет ата секілді белгілі әулиелері де бар. Сол аңыздарға қарағанда, «Қошқар атаның өзі ұзын бойлы, ашаң жүзді кісі ретінде суреттеледі. Өзі батыр, әрі емші, тәуіп болған деседі. Бір соғыста қатты жараланып, Шымкент қаласындағы көне қорған үстіне сағанасын салдырады. Кейін жазылып қайта соғысқа кіріп, Алғабас ауданының аймағында қайтыс болады. Баба денесі осы аудандағы Қошқар ата кесенесінде екен» дейді. Әлбетте, бұл көп аңыздың бір нұсқасы ғана.

Қошқар ата әулие атымен аталынатын кесененің бірі Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңы маңынан ағып өтетін Қошқар ата өзені бойына орналасқан. Өзен ағысына қарама –қарсы 450-500 метрдей жоғары жүргенде су ағысының сол қапталына салынған  4 x 3.5 метрлік кесене кездеседі. Кесененің 0,45 метрлік  қабырғасы қыштан қаланған.  Төбесі төрт  жактама  ақ түнікемен  жабылып, ортасына диаметрі  2 метрлік күмбез қойылған. Көгілдір күмбез биіктігі – 1,30 метр. Биіктігі 9-10 метрдей төбе етегінде орналасқан кесененің қабырғасының биіктігі 5 метрге жуық. Қабырғаларында терезе жоқ. Кесене Қошқарата өзені жағасынан 2,5 метрдей  биіктікке орналасқандықтан, кесенеге  12 баспалдақпен көтеріліп барады. Кесененің шығысымен солтүстігі Қошқар ата өзенімен, оңтүстігі мен батысы биіктігі 10 метрлік төбе арқылы Шымкент теміржол вокзалына баратын көшемен шектеседі. Кесенеге айналдыра ені 0,70 метрлік цемент құйылып, қоршау жасаған. Қоршаудың оңтүстігі мен батыс бөлігіне ағаш отырғызылған, көгалдандырылған. Есіктің сол қапталына биіктетіле көтерілген қабір белгісі бар. Қабір үстіне ақ мата жабылған.

Кесенені 1996 жылы Манап Өтебаев салдырған. Қошқар атаның білімді, өнегелі ортада жетіліп, әулиелік дәрежеге көтерілгені, сондықтан елі алдында абыройлы болып, қазылыққа сайланғаны, әділдігі ел есінде қалған. Құран мен хадис қағидаларына жетік болған. Ол Испиджабта туып, Бұқара, Шам, Бағдатта оқыған. Құранды, Хадис-Шәріпті жатқа білген, діни сауатты кісі болған.

ҚОШҚАР АТА ШИПАЛЫ БҰЛАҚ СУЫ

Қошқар ата кесенесі алдындағы аллеямен жоғары өрлеп,өзен бойымен 1,5 шақырымдай жүргенде бірнеше жерден шығып жатқан бұлақ көздеріне  жолығасыз. Бұлақ көздерінің мөлшері түрліше: бірі –үлкен, екіншісі –кіші. Бұлақ суы шығып жатқан жиектерге төрт бұрыштап цемент құйылған. Шығып жатқан су мөлшері көп, бұлақ көздерінен 10-12 метрдей төмендегі ені 2-2,5 метрлік өзен арнасы 0,55-0,60 метрлік теререңдікте ағып жатыр. Осы бұлақ суын жергілікті халық «Қошқар ата суы» деп атайды. Бұл бұлақ суының басталар тұсынан Шымкент теміржол вокзалы маңайындағы Қабанбай батыр даңғылы арқылы да баруға болады. Қошқар ата деп аталатын киелі бұлақтан бастау алған осы өзен Шымкент қаласын қақ жарып өтіп, Бадам өзеніне барып қосылады. Қошқар ата бұлағынан шыққан су көзінен 4,5-5 метрдей оңтүстікте ені 2,5 метрдей келетін екінші өзен ағып, екі су бұлақ көзінен 650-700 метрдей төменде тоғысады. Қошқар ата – Шымкентті аралап ағатын жалғыз өзен. Ауаны дымқылдандырып тұратын қасиеті бар. Жалпы елімізде Қошқар ата атымен аталатын ауыл, өзен, су аты көп. Тіпті Қырғызстан мен Өзбекстанда да бар. Қошқар ата бұлағының қасиеті – суының шипалығында. Оның суына бойыма шипасы дарысын деп ниет еткендер жыл он екі ай бойы шомылып жатады. Суы қыста жылы, жазда өте салқын, тастай суық десе болады. Қошқар ата әулие бұлағының суы қан қысымы көтерілгендерге, жүйкесі жұқарғандарға, буыны қақсағандарға бірден-бір ем. Дененің өлген талшықтарын оятады. Суын ішсе асқазан жараларға ішкі ағза мүшелерін тазалауға, денеге шыққан түрлі жараларға емдік ретінде пайдаланады. Кісі ұйқысын тыныштандырады. Қошқар ата бұлақ көзі бойына демалушылар  зияратқа келушілерге арнап, орындықтар мен демалыс саяжайларын жасап қойған. Айналасы таза. Бұлақ көзі мен арнасының айналасы тоғайлы, әртүрлі ағаштар отырғызылған. Өзеннің солтүстік –шығыс  жағалауына тұрғын үйлер салынған. Бұлақ көзінің дәл төбесінде, шығысында шырақшы үйі орналасқан. Бұлақ Бұлақ суы көзінде улкенді кішілі балықтар бар. Оны ұстауға аулауға болмайды. Киелі санайды. Келушілер арнайы балық жемін әкеліп, әкелмегендері нан үгінділерін тастап, тамақтандыруды қасиетті іс деп біледі. Жалпы шипалы бұлақ басынан шаһар жұрты да, сырттан дәру іздеп келгендер де қысы –жазы үзілмейді. Қошқар ата әулие  мен бұлақ суын тапқан Қошқар деген адамның атымен аталатын түрлі әңгімелер көп. Бұл төңіректегі ертеден келе жатқан бұлақтардың  көбінің көзі тартылып қалған, ал Қошқар ата әлі күнге көп жерді суландырып тұр. Халық арасында Қошқар ата бұлағы мен Зеңгі құдық бастауы бір жерден  Алатаудан алады деген сенім бар. Шараф ад-дин Әли Иездидің «Сапарнамасында» Әмір –Темірдің осы бұлақтың басында  аялдағаны туралы айтылады. Қорыта айтқанда, аты мәшһүр Қошқар атаның кім болғаны әлі толық зерттелмеген дүние. Ал ішіндегі аңыз әңгәмелерге жүгінсек, Қошқар ата батыр, әрі мұсылман дінін уағыздаушы болған. Сондықтан да халық оны әулие санап, кейінгі ұрпаққа үлгі –өнеге тұтып келеді. Ал бұлақ суының шипалы қасиеттері көпттеп жазылып келеді.