«ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
-
Түркістан облысы, Түркістан қаласы
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігіне қарасты Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасы негізінде облыс көлеміндегі үкіметтік емес ұйымдары мен масс-медиа өкілдеріне ҚР «Қоғамдық бақылау туралы» заңына сәйкес қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін түсіндіру бағытында семинар ұйымдастырылып, өткізілді.
Бұл семинардың мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысына қоғамның белсенді өкілдерін тарту және атқарылатын істердің тиімділігі мен пәрменділігін арттыруға бағытталған қоғамдық бақылауды тиісті дәрежеде жүзеге асыру ерекшеліктерін түсіндіру.
Осы жиында сөйлеген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігіне қарасты Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары С.Әсілбек жақында ғана агенттіктің бастамасымен қолданысқа енгізіліп,іске аса бастаған “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік” жобасын одан әрі дамыту бағыттары жайлы ақпарат-мәліметтер айтып, заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы баяндады.
Семинар барысында «Жалын» қоғамдық бірлестігінің басшысы,Түркістан облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Қ.Керімбеков ҚР ‘Қоғамдық бақылау туралы” заңының талаптарына сәйкес қоғамдық бақылаудың мақсаты мен міндеттерін, оның негізгі ұстанымдары мен қағидаттарын, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тетіктерін, қоғамдық бақылау жүргізуге құқығы бар субьектілері мен қоғамдық бақылау жүретін объектілері туралы, қоғамдық бақылаудың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты және тиімді тетік екендігі мен қоғамдық бақылау жүргізу барысында әдеп нормаларын сақтаудың талаптары жайлы кеңінен түсіндіріп берді.
Ал, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестіктің төрайымы С.Байзақова өз кезегінде “Жергілікті өзін өзі басқару және қоғамдық бақылау” тақырыбында сөз сөйлеп, қоғамдық бақылау жүргізуге құқығы бар субъектілерге заңнамаға сәйкес қойылатын талаптармен таныстырды.
Семинар соңында қаралған мәселелер бойынша жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, өзара пікір алмасу сессиясы өткізілді.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы,
Түркістан облыстық қоғамдық кеңес мүшесі